Алматы облысында 64 майдангерге 1 млн теңгеден берілді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қазір еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Алматы облысында алдағы мерекелер жаңа форматта өтетін болады. Бұл туралы Jetisy Media ақпараттық алаңында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі күні Талдықорған қаласында 10 ҰОС ардагері, 1 452 тыл ардагері, 65 ҰОС ардагерінің жесірі, фашизмнің тұтқыны болған 1 адам бар.

«Айтулы мерекенің басты қаһармандары ҰОС ардагерлері назардан тыс қалмақ емес. Барлығына бірдей әлеуметтік, материалдық көмек көрсетіледі», - дейді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Аманбайқызы.

Жеңістің 75 жылдығына орай, облыстық бюджеттен Екінші Дүниежүзілік соғыстың қатысушыларына, мүгедектеріне, барлығы 10 163 адамға 1 жолғы материалдық көмек көрсетіледі. Осы мақсатта қазынадан 386 млн теңге қарастырылған. Қазір облыс бойынша 64 ҰОС ардагері бар, олардың әрқайсысына 1 млн теңгеден берілді.

Алматы облысында 9 соғыс тұтқыны тұрады. Олардың әрқайсысына 100 мың теңгеден беріледі деп жоспарланған. Қоршау кезінде Ленинград қаласында кәсіпорындарда жұмыс істеген және қаланы қорғағаны үшін медальмен марапатталғандарға 60 мың теңгеден төленеді. Чернобыль апатына қатысқан адамдарға 50 мың теңгеден беріледі. Жетісу өңірінде Екінші дүниежүзілік соғысында қаза тапқандардың жесірлеріне жалпы саны - 9 521 адамға 30 мың теңгеден табысталады. Аталған қаржылай көмекті көрсету үшін бюджеттен 285 млн теңге бөлінген.

Жоғары да айтып өткен қаржы 30 сәуірге дейін майдангерлерге және оларға теңестірілген барлық санаттағы тұлғаларға төленетін болады.

Алматы облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы майдан әндерінен тікелей эфирде онлайн концерт ұйымдастыруды жоспарлаған. Оған 28 өнерпаз қатысады.

Сондай-ақ, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Қапашұлының айтуынша, 1 мамыр мен 9 мамыр аралығында облыста 1 728 онлайн концерт пен тікелей эфир өткізіледі. 25 музей бұл аралықта 417 онлайн экскурсия ұйымдастырады. Ал кітапханалар 1 243 онлайн кітап көрмесі мен тарихи сабақтар өткізеді. Сонымен қатар, облыстық ардагерлер ұйымының сұрауымен «Отан үшін от кешкендер» атты кітап жарық көреді. Ал, майдан шебінде орындалған әндерді бір таспаға жинақтап майдангерлерег таратып беру көзделген.


Соңғы жаңалықтар