Алматы облысында 60-қа жуық мал ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы Жамбыл ауданының тәртіп сақшылары мал ұрлығын кәсіп қылды деген күдікке ілінген қылмыстық топты құрықтады. Топ құрамында 23-26 жастағы жергілікті үш тұрғын болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұлтартпас айғақтар арқасында олардың мал ұрлығының жеті дерегіне қатысы бары дәлелденді. Тергеу барысында өздерінің жымысқы әрекеттерін өткен жылдың тамыз айынан бері іске асырғаны анықталды.

«Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Олардың бірқатар мал ұрлығына, оның ішінде ірі малмен қатар, қой ұрлығына қатысы бары дәлелденді. Топ мүшелеріне 3 жылқыны, 5 сиырды және 48 қойды ұрлады деген айып тағылды. Тұрғындарға келтірілген материалдық шығын есептелуде», - деп атап өтті облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілерден ұрланған малды сатып алушы да анықталды. Тәртіп сақшылары сатып алушыдан қолды болған 3 сиырды тәркілеп, заңды иелеріне қайтарды. Әшкере болған қылмыстардың ішінде малының қолды болғаны туралы ішкі істер органдарына хабар бермеген тұрғындардың да малы бар. Тәртіп сақшылары барымташылар жайылымнан сойып алып кеткен малдардың заңды иелерін анықтау жұмыстарын да жүргізуде.

Қылмыстық іс аудандық полицейлердің өндірісінде. Күдіктілердің өңірдегі бұған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Сонымен қатар, полицейлер ұрланған малды сатып алушыны да қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыруда. Қазіргі уақытта қылмыстық топ мүшелері мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды. Олар мінген көлік сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталғанға дейін арнайы тұраққа тоғытылды.


Соңғы жаңалықтар