Алматы облысында 58 мыңға жуық баланы тегін үйірмемен қамтуға қаражат жоқ – әкімдік

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында Президенттің тапсырмасымен ашылған тегін үйірмелердің бәрі жабылғалы жатыр. Себебі, облыстық әкімдік оларды қаржыландыратын ақша жоқ дейді. Ал бұл үйірмелерге 58 мыңға жуық бала барып жүрген. Енді осы 1954 үйірмені ашқан кәсіпкерлердің де, онда жұмыспен қамтылған мамандардың да, балалардың да тағдыры беймәлім болып тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорғанға Алматы облысының әр аудан, ауылында үйірме ашқан жеке кәсіпкерлер жиналды.

Айтуларынша, олар кәсібін былтыр мамыр айында аша бастаған. Енді ашылғанынан жабылғаны тез болайын деп тұр.

Себебі, ақылы үйірмеге баласын беруге ата-аналарда жағдай жоқ дейді. Балаларды тегін үйірмемен, мамандарды жұмыспен қамтыған олар қалайша Алматы облысының әкімдігі Президенттің тапсырмасын орындамайды деп наразы.

«Президентіміздің бастамасы қайда қалды? Осы балаларды оқытамыз деп даярланған үйді, оны мектепке айналдырудың өзі де үлкен еңбек екені неге естен шығып кетті?», - дейді Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны, үйірме басшысы Қырғауыл Тәкейқызы.

«Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақта тамыз айында балаларды тегін оқыту үйірмесін ашқанбыз. Қазіргі таңда бізде 36 үйірме істеп тұр. 1600-ге жуық оқушыны тегін оқумен қамтамасыз етіп жатырмыз. Кешегі күні бізге қаржыландыру тоқтады деген ақпарат келді. Енді бұдан кейін балаларға қалай жеткіземіз? Балалардың болашағына балта шабу ғой, былай қарасаңыз», -дейді Ескелді ауданының тұрғыны, үйірме басшысы Биболсын Жексенбекұлы.

«Әр қазақтың баласына айына 12 мың теңге төлеп, үйірмеге оқыту негізі қиын емес деп ойлаймын. Бір балаға 12 мың теңге төлеу Қазақстанның қолынан келеді», -дейді Талғар ауданының тұрғыны, үйірме басшысы Қуаныш Жүзбаев.

Жиналғандарды әкімдік өкілдері мәдениет үйіне шақырып, үйірмелерді қаржыландыруға «облыста қаражат жоқ» деп бірден ашып айтты.

Алматы облысының шенеуніктері расымен бағдарлама Президенттің тапсырмасымен былтыр мамыр айында басталғанын, былтыр 48 мыңнан аса бала тегін үйірмемен қамтылып, оған 1,5 млрд теңге ақша бөлініп, толық игерілгенін, ал биыл тағы 2,4 млрд теңге бөлініп, ол ақша түгесілгенін айтты.

«Бүкіл осы 57 600 баланың үйірмеге баруын қайта жалғастыру үшін осы жылға 14 млрд теңге қажет», -дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев.

«Біз тек қана қаржы тапшылығына байланысты қаржыландыруды тоқтатып жатырмыз. Ары қарай сіздер істеп жүре береміз десеңіздер, ол - өз қақыларыңыз», - деді Алматы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев.

«Ата-аналардың ақы төлеуге жағдайы жоқ. «Балалар жылы» дегенде қуанғанымыз ұзаққа бармады ғой. Басқасы басқа, осы балаларға тегін жасаса деп сұраймыз», - дейді ата-ана Ләтипа Тіләлина.

Бір үйдің өзінен 3-4 бала тегін үйірмеге баратын отбасылар көп. Ертең олардың ата-анасының үйірмеге қаражат төлеуге шамасы келмейді деген ата-ана да, үйірме иелері де Президенттің тапсырмасы орындалсын дейді.

Ал облыс әкімдігі мәселені шешіп, республикадан қаражат сұрау үшін Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаевамен жиын өткізілетінін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар