Алматы облысында 52 мекеме жұмысшылардың жалақысын кешіктірген

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 52 мекеме жұмысшылардың жалақысын кешіктірген. Анықталғандай, кейбірі банкрот болғандықтан еңбекақы төлей алмапты. Берешек сома 82 млн теңгеден асқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірақ өңірдегі еңбек инспекциясының қызметкерлері жалақыны 100 пайыз өндірдік деп отыр. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашовтың төрағалығымен өткен үшжақты комиссия отырысында айтылды. Жиынға Атамекен ҰКП, облыстық еңбек инспекциясы мен жұмыспен қамту орталығының мамандары қатысты. Онда саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Мысалы, биыл өңірде мемлекеттік бағдарламамен бизнес ашуға 80 млн теңге бөлінген. Бірақ, осы күнге дейін оның тек жартысы ғана игерілген. Бұдан бөлек, кәсіби даярлау курсынан өткен азаматтар бюджет қаржысы есебінен екінші мәрте келіп оқыған. Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында Ләззат Махатұлы үш тарап арасындағы байланысты нығайтуды тапсырды. Және ол үшін арнайы жол картасын дайындау қажеттігін алға тартты. 

«Жұмыссыздықпен күресуіміз керек. Бірақ мемлекеттік бағдарламаларды ұтымды пайдалануды қадағалау қажет. Бұдан бөлек, жұмысшылардың жалақысын төлей алмаған кәсіпорындар Атамекен, жұмыспен қамту орталығы немесе еңбек инспекциясымен байланысуларыңызды сұраймыз. Қысқартып немесе жұмыстан шығаратын болсаңыздар, 3 ай бұрын ескерту керек. Сонда ғана біз бір амалын тауып, тұрғындарды жұмысқа орналастыру жағын қарастырамыз. Қазір нарық заманы», - деді Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Махатұлы.

Сондай-ақ, жиында Алматы облысындағы 13 кәсіпорында 2000-нан аса адам еңбек шартынсыз жұмыс істеп келгені жөнінде айтылды. Қазір осы мәселе бойынша мекеме басшыларына ескерту жасалып, тиісті шаралар қолданылған екен.

 

Соңғы жаңалықтар