Алматы облысында 50 жыл жөндеу көрмеген аурухана жөнделіп жатыр

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Алакөл ауданында 50 жыл жөндеу көрмеген аурухана «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында жөнделіп жатыр. Бұл мақсатқа 710 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алакөл ауданы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қабанбай ауылындағы аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары маусым айында басталған. 1970 жылы іргетасы қаланған мекемеге бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қазіргі таңда «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында 710 млн теңге бөлінген. Оның ішінде Республикалық бюджеттен 639,6 млн теңге бөлінсе, жергілікті бюджеттен 71 млн теңге қарастырылған. Ал қайта жөндеуден өткен аурухана 30 қарашада қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.

«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Қабанбай ауылына барлығы 1117,1 млн.теңге қарастырылған. Ауруханадан бөлек 500 орындық мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына 153,8 млн.теңге (РБ 114,9 млн.теңге ЖБ 38,9 млн.теңге), 235,2 млн.теңгеге жалпы ұзындығы 9 шақырымды құрайтын Қабанбай батыр, Қорқыт ата, Бөгенбай батыр, М.Ауезов, С.Хұсайынов, Наурызбай батыр, Ш.Уалиханов көшелерінің орта жөндеу жұмыстарына көрсетілген қаражат бөлінген. Жоғарыдағы іс-шаралар жоспарға сәйкес атқарылуда. Аталған 9 жобаның 8-і оның ішінде, жол жөндеу жұмыстары мен мәдениет үйі қабылданып, қолданысқа берілді. Қалған бір жоба яғни аурухана 30 қарашада қолданысқа беріледі», - делінген аталған ведомствоның ақпаратында.


Соңғы жаңалықтар