19:15, 17 Мамыр 2021 | GMT +6
Алматы облысында 4 оқушыны қаққан мас жүргізушіге қатысты сот басталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 4 оқушыны қаққан мас жүргізушіге қатысты сот басталды. Зардап шеккен екі қыз бала ауруханада есін жимастан көз жұмған болатын, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іс Еңбекшіқазақ аудандық сотында қаралуда. Бірақ куәгерлердің келмеуіне байланысты процесс 20 мамырға шегерілді. Айта кетейік, көлікті мас күйінде жүргізіп, оқушыларды қаққан — Еңбекшіқазақ ауданындағы Қорам ауылының 54 жастағы тұрғыны.
«Куәгерлерді шақырту үшін іс 20 мамырға шегерілді»,- деп мәлімдеді Алматы облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Естеріңізге сала кетейік, 2 наурыз күні Еңбекшіқазақ ауданының Қорам ауылында мас жүргізуші сабақтан қайтып келе жатқан 4 оқушы қызды көлігімен қағып кетті.
Оқиға болғаннан кейін оқушының бірі жарты айдан соң, екіншісі бір айдан кейін жансақтау бөлімінде есін жимастан көз жұмды.
Балалар 8-9 жаста болатын.