Алматы облысында 37 жылқы ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында мал ұрлығына машықтанған қылмыстық топ өкілдері ұсталды. Қазіргі уақытта оларға 37 жылқыны ұрлады деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары өзгенің малын алып, оңай олжаны көздеген топ өкілдерінің жымысқы әрекетін әшкерелеген. Тергеу барысында қаңтар-ақпан айларында Еңбекшіқазақ, Кеген және Ұйғыр аудандары аумағында болған бірқатар жылқы ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 11 адам ұсталды.

«Ұсталғандардың жетеуі - топтың негізгі мүшелері, яғни ұрлау, ұрланған малды тасымалдау солардың міндеті болған. Ал, қалған төртеуі – қолды болған малды сатып алушылар. Барлығы - бір қылмыстық топтың мүшелері. Олар жымысқы әрекетін іске асыру кезінде Алматы қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде тұрған. Ұсталғандарға 37 жылқы қолды болған 8 ұрлыққа қатысы бар деген айып тағылды. Барымташылар ұрланған малдың көбін сойып, етін сатып жіберген. Тексеру барысында тәртіп сақшылары барымташылар алған малдың бір бөлігін тірідей тауып, заңды иелеріне қайтарды»,- деп мәлімдеді Алматы облысы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Дәурен Сәкенов.

Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Топ мүшелерінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.


Соңғы жаңалықтар