Алматы облысында 30 жуық баладан құлақ мүкістігі анықталған

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының солтүстік өңіріндегі елді мекендерде 30-ға жуық баладан құлақ мүкістігі анықталған. Бұл туралы Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көпсалалы облыстық балалар ауруханасында Талдықорғаннан алыс орналасқан ауданнның кішкентай тұрғындарына айына бір рет штаттан тыс сурдолог маманның қатысуымен тексеру жасалады. Жыл басынан бері сурдолог маманның тексеруінен өткен 57 баланың 29-ынан құлақ мүкістігі анықталған.

Аталған аурухана директоры Арман Тойбековтің айтуынша, балалар консультациялық-диагностикалық және аспаптық диагностикалық тексеруден (КСВП, ОЭА, тимпонометрия, ASSR) өтеді.

«2022 жылдың қаңтар айынан бастап ауруханада сурдология бөлімшесі ашылды. Қазіргі уақытта балалар айына бір рет бейінді маманның тексеруінен өтуге мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері тексеруден өткен 57 баланың жартысынан құлақ мүкістігі анықталды. Біз бұл балаларды ары қарай толыққанды тексеруден өткізіп, емделуге жібереміз. Алайда балалар арасында құлақ мүкістігі ауруының белең алуы бізді алаңдатып отыр», - дейді аурухана директоры Арман Серікбайұлы.

Айта кету керек, облыс орталығынан алыс орналасқан аудан тұрғындары үшін айына бір рет ұйымдастырылып отырған консультациялық-диагностикалық және аспаптық диагностикалық тексеру балаларға аудиологиялық скринингті жүзеге асыру бойынша Жол картасы шеңберінде өткізіліп отыр.

Құлақ мүкістігі - бұл есту функциясының біртіндеп төмендеуі, ол сөйлеу және айналадағы дыбыстарды қабылдаудың бұзылуымен сипатталады. Бұл тек қартайғанда ғана емес, сонымен қатар, жастарда да пайда болуы мүмкін. Механикалық құлақ мүкістігі күкірт тығынының қатысуымен дамуы мүмкін. Бұл жағдайда мәселе оңай және тез шешіледі. Сондай-ақ, есту қабілетінің жоғалуы (сенсорлық) басқа аурулардың, жасқа байланысты өзгерістердің, өндірістік факторлардың және басқалардың нәтижесінде есту нервінің зақымдануынан туындайды. Мұндай патология кешенді емді қажет етеді.


Соңғы жаңалықтар