Алматы облысында 3 адамның өмірін жалмаған дала өрті ауыздықталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 3 адам қаза тауып, 7 адам жарақат алған дала өрті ауыздықталды. Тілсіз жаумен күресуге 3 тікұшақ жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

10 күнге жалғасқан дала өртімен күресуге Жаркент орман шаруашылығы, «Қазавиаорманқорғау», «Қазавиақұтқару» қызметтерінің және Алматы облыстық ТЖД қызметкерлері қатысты.

«Панфилов ауданы аумағындағы Өркенсай, Күйелі, Қойтас учаскелерінде қызыл жалын шарпыған аумақ шамамен 455 гектарды құраған. Сондай-ақ мемлекеттік орман қоры аумағындағы өрттің аумағы 17 гектарға жеткен. Тілсіз жаумен күресуге күнделікті 50 шақты адам қатысып отырған. Өртті сөндіруге тікұшақтармен 84 рет әуеден су төгілді», - делінген Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

13 тамыз күні 11 сағат 15 минутта өрт толығымен ауыздықталды. Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Жаркент орман шаруашылығы қызметкерлері тарапынан өрт болған аумақта кезекшілік ұйымдастырылуда.


Соңғы жаңалықтар