Алматы облысында 250 отбасы 2 айдан бері жарықсыз әрі сусыз отыр

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Өтеген батыр ауылының тұрғындары   12 маусымнан бастап жарық пен сусыз отыр. 2 айдан бері тіршілік көзінсіз қам жасағандар «Гудок» бау-бақша шаруашылығы тұтынушылар кооперативі төрағасын жылу жинағаны үшін айыптайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Өтеген батыр ауылы тұрғындарының айтуынша, даудың басы коммуналдық  төлемнен басталған. Бау-бақша шаруашылығының бұрынғы төрағасы басшылық қызметі кезінде ақша жымқырып, қарызға батқан деседі.

 «Бұған дейін Виктор Иванович «Гудок» бау-бақша  шаруашылығында төрағалық  қызметін атқарып, ауыл тұрғындарын қарызға белшеден батырды. 2010 жылы оған қарызды қайтару туралы сот шешімі шықты.   247 үйден электр энергиясына деп ақша алып, түбіртек беріп сендірген ол  жиналған соманы  Талғар аудандық электр жүйесіне түгел тапсырмаған. Осылайша 3 миллион теңге қарыз жиналған. Біздің бармаған жеріміз жоқ. Аудандық әкімдікке де, полицияға да шағым түсірдік. Бүтін бір ауылдың жарық пен сусыз тіршілік етіп жатқаны ешкімді алаңдатар емес. Біздің бала- шағамыз бар, жақында мектеп маусымы басталады. Емізулі сәбиі  бар үйлер мына аптапта қалай шыдамақ?»,-деді ауыл тұрғыны Александра Белишко.

Оның  айтуынша, бұдан кейін Виктор Стольников өз бетімен төрағалық орынға  қайта жайғасқан. Тұрғындардың берекесін алған залым басшы баяғы әніне қайта басып, жылу жинайды.

 «Өткен жылдың желтоқсан айында бау-бақша шаруашылығы тұтынушылар кооперативіне  Азамат деген жігіт төрағалық етті. Оған Виктор Ивановичтің жандайшабы келіп, айласын асырып кооперативтің құжаты мен мөрін алып кеткен. Осыдан кейін ол өзін жаңа қызметке сайлаған. Полициядағылар оның мұндай қылығы бірнеше рет әшкере болғанын, бірақ қандай да бір шара қолданбағандығын айтты. Ал Стольников болса ауыл жұртын келеке қылып, ақша сұраудан арланатын түрі жоқ. «Бұл жолғы ақшамызды қайда жібермексің?»,-деп сұрағанымызда, өзіне сыйға алып жатқанын ашықтан ашық айтты. Адамдар жыларман күйде. Біз коммуналдық төлемді өз бетімізше тиісті мекемеге өткізіп тұрғымыз келеді. Алайда басшымыз бұл іске өзінен басқаның араласпауын сұрап, арыз жазып үлгеріпті»,-деді Александра Белишко.

Жергілікті билікке шағымданған  тұрғындар «Стольниковті жөнге сала алмаймыз» деген жауап алғандарына қынжылады.

Өтеген батыр ауылына жауапты Байсерке әкімдігіндегілер  Виктор Стольниковті шақыртқанымен оның бой көрсетпегенін айтты. 

«Бүгін 13 тамыз күні  Виктор Стольниковты қала тұрғындарымен беттестіруге шақырған едік, келмеді. Себебін сұрағанымызда Талғар аудандық электр жүйесіне 632 мың теңге  қарызын төлеуге барғанын айтып, ақталды. Бізге ертең соғамын деді. Негізінен біздің бау- бақша шаруашылығы кооперативінің  ісіне араласуға хақымыз жоқ» ,-деді Байсерке әкімдігі ауыл шарушылығы бөлімінің бас маманы Араби Исахметов. 

Соңғы жаңалықтар