Алматы облысында 25 жастағы жігіт жанып жатқан үйден үш баланы құтқарды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында 1994 жылғы Алмас Рыйзабеков отқа оранған үйден үш баланы құтқарды. Қазір жас жігіт тілінген аяқ жарақатын алып Ескелді ауданының орталық аудандық ауруханасында ем қабылдауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға бүгін Ескелді ауданындағы Қарабұлақ ауылында болған. Жанып жатқан үйден балалардың айқайлаған дауысын естіген жігіт бірден көмекке ұмтылған.

«Өрт сөндіру бөлімшесі келгенге дейін жас жігіт жанып жатқан үйдің терезелерін сындырып, балаларды сыртқа алып шыққан. Үйде 2005, 2017 және 2012 жылғы туған балалар болған. Оқиға орнына жеткен кезде өрт сөндірушілер ас үй мен тұрғын үйдің кіреберісі отқа оранып жанып жатқанын көреді. Тілсіз жау жарты сағат ішінде сөндірілді. Қызыл жалын 27 шаршы метр жерді шарпыған. Өрт болжам бойынша электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болған», деп мәлімдеді Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.

Дәрігерлердің мәліметінше, ерлік жасаған азаматтың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Ескелді ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тілсіз жаудан аман қалған балаларды туысқандарына тапсырды.

Соңғы жаңалықтар