Алматы облысында 22 жастағы жігіт менингококк жұқпасынан көз жұмғаны анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысында менингококк жұқпасынан 2 адам қайтыс болғаны анықталды. Олардың бірі 3 жастағы қыз бала болса, екіншісі Қарасай ауданының 22 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұл туралы облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауабында мәлім етті. 

Ресми жауапта Алматы облысы бойынша 4 адам менингококк жұқпасын жұқтырғаны айтылды. Олардың 2-еуінде жұқпа лабораториялық тұрғыдан расталды. 4 жағдайдың 2-еуі Қарасай ауданында тіркелген.

«Қарасай ауданының екі тұрғынына менингококцемия диагнозы қойылды. 15 жастағы жасөспірім менингококк жұқпасының генерализді формасымен ауырып, жазылып шықты. 22 жастағы Қарасай ауданының тұрғыны сол жұқпадан қайтыс болып кетті. Жігіт 27 сәуірде ауруханаға түсіп, 28 сәуірде көз жұмды. Клиникалық белгілеріне қатысты оған менингит диагнозы қойылды.

Тіркелген үшінші жағдай бойынша Іле ауданындағы 8 жасар мектеп оқушысы менингококк жұқпасынан жазылып шықты. Төртінші жағдай кеше Талдықорғанда тіркелді. Қайтыс болған 3 жасар қыз баланың зертхана қорытындысы әлі тексерілу үстінде. Яғни, онда менингококк жұқпасы клиникалық түрде ғана қойылып отыр. Зертханалық растау әлі болмады», - деді облыстық департаменттің эпидемиологиялық бөлімінің бас маманы  Мейрамгүл Көбейсінова. 

Мамандардың айтуынша, қайтыс болған жігіт Алтын орда базарында бақылаушы болып жұмыс істеген. 

Бас маман науқастардың бір-бірімен байланыста болмағанын айтты.  Қазір эпидемиологтар жұқпаның одан әрі таралуына қарсы кешенді шара жүрізіп жатыр.

Жұқпа ошағын ұстап тұру үшін науқас адамдармен байланыста болған адамдар анықталды. Барлығы облыс бойынша 85 адам дәрігерлердің бақылауына алынды. 

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ халық арасында менингит ауруының жаппай таралуы жоқтығын айтты.

«Бұл карантин жариялайтындай жағдай емес. Бір жағдайды естіп алып халық арасында шу туындап жатыр. Әлеуметтік желі арқылы неше түрлі жалған ақпарат таратылып жатыр. Ел арасында бір апта бойы түсіндіру жұмыстарын бастап кеттік. Бірақ дәл қазір карантин жариялайтын жағдай емес», - деді Бауыржан Ысқақ.

Айта кетер болсақ, осы күндері менингококк инфекциясының таралу ахуалы Алматы қаласында өршіп тұр. Соңғы 2 аптада дəрігерлерге 57 адам жүгінген. Оның 29-ында диагноз расталды. Менингококк жұқпасынан төрт адам қайтыс болды. Олар: ер адам, әйел адам, бір студент және 5 жасар бала.  

Айта кетейік, кеше менингиттен көз жұмған 3 жасар баланың ата-анасы тексеру үшін ауруханаға жатқызылған еді.

Соңғы жаңалықтар