Алматы облысында 22 мыңға жуық агрошаруашылық жұмыс істейді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік күні мерекесінде Алматы облысының Райымбек ауданында көпбалалы және аз қамтылған 14 отбасы қоныс тойын атап өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Райымбек ауданы биылғы жылды жақсы көрсеткіштермен қорытындыламақ. Мәселен, соңғы 10 айда ауылшаруашылық өнімі 25,7 млрд теңгеге жеткен. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1 млрд 103 млн теңгеге артық орындалып отыр. Аймақта атқарылған жұмыстар мен келер жылғы жоспармен аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов «Jetisu media» алаңына келіп бөлісті.

Райымбек ауданы ауылшаруашылыққа қолайлы мекен. Сондықтан осы саланың дамуы қарқынды. Аймақта қазір ірі қара, ұсақ мал мен егіншілікті кәсіп еткен 22 мыңға жуық шаруашылық бар. Оның 80-нен астамы асылдандырумен айналысады. Өңірде картоп өсіріп оны өңдеу жұмысы да белсенді. Биыл 6 мың гектар алқапқа картоп егіліп, әр гектарынан 208 центнер өнім алынған. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен картоп өндіру бағытында 3 сервистік дайындау орталығы құрылды. Жыл басынан бері 316 млн теңгеге 80-нен аса ауылшаруашылық техникасы сатып алынды.

2018 жылы Тұңғыш Президент шешімімен екіге бөлінген Райымбек ауданында келер жылы етті өңдеу, экспортқа шығару жұмысына ден қойылмақ. Мұнан бөлек, аймақта ауыл шаруашылығына инвестиция тарту жұмысы да қарқынды. Қақпақ ауылдық округіндегі қарақат алқабымен айналысатын «Тенгри Ленд» ЖШС 677,3 млн теңге инвестиция құйды. Бүгінде 1 млн 265 мың дана қарақат көшеті мен 2 млн дана таңқұрай отырғызылды. 2020 жылы осыған тағы инвестиция тарту жоспарланған. Сонымен қатар, ауданда құрылыс саласында да оң көрсеткіштер бар.

«Ауданымызда халықты тұрғын үймен қамту басты назарда. Биылғы жылы демеушілер көмегімен тұрмысы төмен отбасыларға 20 үй сатып алынып берілді және бюджеттен көпбалалы және аз қамтылған 14 отбасына 60 млн 800 мың теңгеге баспана сатып алынды. Олар Тәуелсіздік күні қарсаңында беріледі», - деді Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов.

Атқарылған жұмыстар мен келер жылғы жоспармен бөліскен Райымбек ауданының әкімі, баспасөз мәслихатына келген журналистердің көкейтесті сауалдарына жауап берді. Соның бірі - аймақта интернетке қолжетімділік мәселесі болды. Өңір басшысы оның 2020 жылы толық шешілетінін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар