Алматы облысында 22 бала тәрбиелеп отырған отбасының баспанасы өртенді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 22 бала тәрбиелеп отырған отбасының баспанасы өртенді. Қарасай ауданының әкімдігі өрттен зардап шеккен жанұяны уақытша баспанамен қамтамасыз етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарасай ауданы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 ақпан күні кешкісін Қарасай ауданында жалпақ жұртқа танымал ерікті Зарина Шумаеваның үйі өртенді.

Өрт сөндірушілер дер кезінде қызыл жалынды ауыздықтады. Нәтижесінде зардап шеккендер жоқ. Зарина Шумаева аймақта өзінің азаматтық белсенділігімен танымал. Жолдасы екеуі 22 бала тәрбиелеп отыр. Оқиғаны ескере отырып, Қарасай ауданының әкімдігі өрттен зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдады.

«Кеше оларға қонақүйде тұруды ұсындық, олар бас тартып көршілерінің үйінде қалды. Бүгінде меценаттардың қолдауымен біз олардың бала санын ескере отырып, уақытша баспанамен қамтамасыз етпекпіз. Үй кем дегенде 150-180 шаршы метрді құрайтын болады. Бұл бірақ уақытша шешім. Олардың жағдайын басшылыққа ала отырып тұрақты баспанамен қамтамаасыз ету үшін жұмыс жасап жатырмыз. Ауданның атымтай жомарт азаматтары, яғни меценаттар тілсіз жаудан зардап шеккен отбасы үшін үлкен үй сатып алуға дайын екендіктерін көрсетті», - деді Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев.

Сонымен қатар, басқа кәсіпкерлер Шумаевтар отбасына азық-түлік пен киім-кешек жинауды ұйымдастырған. Аудан әкімдігінде атап өткендей, бұл мәселе бақылауда.


Соңғы жаңалықтар