Алматы облысында 21 күн бұрын жоғалған мектеп оқушысы табылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында із-түзсіз жоғалған Милана Изукаева табылды. 17 жастағы жасөспірім 21 күн бойы құрбысының үйінде жасырынып жатқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғалған қызды полицейлер Алматы қаласынан тапқан.

«Мектеп оқушысын іздеуге Талғар ауданының және облыстың полицейлері жұмылдырылды. Кеше кешкісін Милана Изукаева Алматы қаласынан табылды. Ол дін аман. Осы уақытқа дейін  құрбысының үйінде жасырынып жатқан. Жасөспірім ата-анасының қолына табысталды», - деп мәлім етті Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметі. 

Анықталғандай, 17 жастағы қыздың үйінен қашып кеткені алғашқы жағдай емес екен. Сол себепті, полицейлер жасөспіріммен  кезекті  профилактикалық іс-шара жүргізді.

Естеріңізге сала кетейік, біз бұған дейін мектеп оқушысының жоғалғандығы жөнінде хабарлаған болатынбыз. Талғар ауданындағы Қайнар ауылының тұрғыны 25 сәуірде үйінен шығып кетіп, оралмаған. Жасөспірімнің ата-анасы полицейлердің көмегіне жүгініп, жоғалған оқушының суреті БАҚ құралдарына және әлеуметтік желіде жарияланған болатын.

Соңғы жаңалықтар