Алматы облысында 200 ардагерге құрмет көрсетілді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов 9 мамыр - Жеңіс күніне орай соғыс және еңбек ардагерлері үшін салтанатты қабылдау өткізді. Оған 200 ардагер шақырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрметті қонақтарды Талдықорған әскери гарнизоны оркестрінің әскери маршымен қарсы алып, оларға гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Фойеде ардагерлерге арналған фотостудия ұйымдастырылды. Кездесу соғысқа арналған деректі фильм көрсетуден басталды.

Ардагерлерді құттықтаған облыс әкімі А. Баталов майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің бүгінгі бейбіт өмірге жету жолындағы үлесін атап өтті.

«Баршаңызды алда келе жатқан Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің денсаулықтарыңыз бен тұрмыстарыңызға қамқорлық көрсету - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымызға қойған маңызды міндеттерінің бірі. Денсаулықтарыңыз күтімде, ғұмырларыңыз игілікті болуы үшін, аман-есен ортамызда жүріп, елдің өсіп-өркендегеніне куә болуларыңыз үшін біз барлық жағдайды жасауға тырысамыз», - деді А. Баталов.
null

Өз кезегінде ардагерлер - Еңбекшіқазақ ауданынан Солтанбай Жарықбасов, Сарқан ауданынан Берлібек Ысқақов, тыл еңбеккері, Балқаш ауданынан Бейсенбек Төстікбаев сөз алып, қатарластарына ізгі тілектерін жеткізсе, соғыс ардагері Сәрсенбай Қаңтарбай ақсақал көпшілікке бата берді. Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Жалпы бүгінде Жетісу жерінде 138 соғыс ардагері, 12 мыңға жуық тыл еңбеккері бар. 9 мамыр - Жеңіс күніне орай облыстық бюджеттен әрбір соғыс ардагеріне 150 мың теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек берілді. Ардагерлерге және басқа да санаттағы азаматтарға шипажайларға тегін емделуге биылғы жылы 187,5 млн теңге қаржы бөлінді. ҰОС қатысушылары мен мүгедектерін қосалқы және көмекші құралдармен қамту үшін бюджеттен 2 млрд 830 млн теңге, ал коммуналдық қызметтерге 16 млн теңге қаржы қарастырылған.
null

Соңғы жаңалықтар