Алматы облысында 2,2 млн тұрғын санақтан өтті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 2,2 млн тұрғын санақтан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қыркүйектің басынан қазанның 15-іне дейін халық санағы «Sanaq.gov.kz», «egov.kz» сайттары мен «Aitu» қосымшасында өтті. Жалпы онлайн санаққа жетісулық 806,2 мың тұрғын, офлайн сауалнамаға 1 млн 380,7 мың адам қатысты.

«Санақ жүргізу үшін барлығы 2978 адам қамтылды. Олардың барлығы вирусқа қарсы вакцина алған. Халық арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 429 баннер орналастырылды, 36,9 мың үнпарақ таратылды. Облыстағы халықтың саны 2 млн 95,3 мыңды құрайды. Олардың 2,2 млн санаққа қатысты», - дейді Алматы облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Жомарт Әмірханов.

Айта кетейік, санақтан өтуде Талғар ауданы 127 пайызбен көш басында тұр. Ал 123 пайыз көрсеткішпен екінші орында – Іле, 111 пайызбен үшінші орында Қарасай ауданы орналасқан.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Алматы облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаменті басшысының орынбасары Марат Бөкеновтің айтуынша, Талдықорған, Қапшағай және Текелі қалалары тұрғындарының санаққа қатысу белсенділігі төмен.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 1 қыркүйек – 30 қазан аралығында жалпы ұлттық халық санағы өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар