Алматы облысында 17 адам қызылшамен ауырғаны расталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 17 адамның қызылша ауруына шалдыққаны расталды. Бұл туралы облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен хабарланды.

2018 жылдың 1 қарашасынан бастап бүгінгі күнге дейін бастапқы диагнозбен қызылша ауруына шалдығудың 39 оқиғасы тіркелген, соның ішінде 14 жасқа дейінгі 35 бала бар. Науқастардың барлығы зертханалық тексеруден өтіп, ауруға шалдығудың 17 оқиғасы (46 пайыз) расталды, соның ішінде алты адам - бір жасқа дейін екпе жасалмаған балалар, үшеуіне денсаулық жағдайына байланысты екпе жасалмаған, тағы екеуі - екпеден бас тартқандар», - деп түсіндірді ведомстводан.

Бастапқы диагноз қойылған барлық оқиғалар бойынша эпидемиологиялық тергеу және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатқаны атап өтіледі. Науқастармен байланыста болған 932 тұлға медициналық бақылауға алынды. Індет ошақтарында эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 76 адамға вакцина егілді, эпидемияға қарсы шаралар жалғастырылуда.

«Бүгінде індеттің алдын алып, онымен күрес жүргізудің ең қолжетімді әрі тиімді әдісі - вакцина егу. Профилактикалық екпе жасау Ұлттық күнтізбесіне сәйкес, балаларға қызылша ауруына қарсы екпе 12 айында, сосын 6 жасында қайта жасалады. Қалыптасқан иммунитет бұл дерттен қорғап, немесе, жұқтырған жағдайда онымен жеңіл түрде, асқынусыз ауыруға көмектеседі», - деп баяндады облыстық ҚДСД-нен.

Соңғы жаңалықтар