Алматы облысында 15 лауазымды тұлға кәсіпкерлердің құқығын бұзғаны үшін жазаланды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында кәсіпкерлердің құқықтарын бұзғаны үшін 15 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары — кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топтың мүшесі Қанат Қабдиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, жыл басынан бері құрамында «Атамекен» мен прокуратура органдарының өкілдері бар бизнестің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топқа кәсіп иелерінен 65 өтініш келіп түскен. Аталмыш фактілер бойынша заңдылықты бұзушылықты жою туралы 26 ұсыныс, алты наразылық енгізілді, сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шараларының жүйесі іске асырылды.

Қанат Қабдиев 4 қыркүйектен бастап «Прокуратура туралы» Заңға түзетулер күшіне енгенін еске салды. Жаңа өзгерістерге сәйкес прокурорларға кәсіпкерлердің мемлекеттік органдар тарапынан араласу фактілері бойынша өтініштерін қарау құзыреті берілді. Ал бұрын мұндай өтініштер уәкілетті органдарға жіберілетін. Енді прокурорлар бизнес субъектілерінің шағымдарына жедел әрекет етіп, олар бойынша тексерулер жүргізе алады, қажетті ақпаратты өздері белгілеген мерзімде сұрата алады және түсініктеме алу үшін адамдарды шақыра алады. Бұдан басқа, прокурорлар шоттарды негізсіз тыйым салу, мүлікті пайдалануға тыйым салу, қызметін тоқтата тұру, жұмыстағы уақытша және өзге де шектеулер сияқты заңсыз салынған шектеу және тыйым салу сипатындағы шаралардың күшін дереу жоя алады.

Мұндай фактілер анықталған кезде прокурор олардың күшін жою туралы қаулы шығарады, ол орындау үшін міндетті болады. Қаулыны орындамағаны үшін бір мезгілде әкімшілік жауаптылық енгізіледі (ӘҚБтК – нің 664-1-бабы-30 АЕК-ке дейін айыппұл салуға әкеп соғады).

«Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы мен прокуратурасының бірлескен жұмысы барысында 10 заңсыз актінің күші жойылды, 155 заңсыз тексеру және бақылаудың өзге де нысандары анықталды, сондай-ақ 24 заңсыз тексеру жойылды. Кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу фактілері бойынша 15 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 20 бизнес субъектісін әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартуға жол берілмеді және жалпы сосмасы 125 000 теңге болатын 125 әкімшілік қаулы жойылды. Жалпы, өңірдің 8 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары қорғалды», - деп атап өтті «Атамекен» ӨКП директорының орынбасары Қанат Қабдиев.

Облыс прокуратурасы жүргізген жедел іс-шаралар нәтижесінде Тексеру комиссиясының қызметкерлері 90 кәсіпкерден 17 млн теңге көлемінде пара алған кезінде ұсталды. Сот үкімімен лауазымды тұлғалар кінәлі деп танылды. Сондай-ақ, 717 жекеменшік балабақшаның жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері сәйкестендірілді.

Мобильдік топтың күшімен мемлекеттік сатып алудың 23 қатысушысына тапсырыс берушілер заңсыз қайтармаған кепілдік жарналар қайтарылды.

Сонымен бірге, санитарлық дәрігерлердің қаулылары алынып тасталып, қайта қаралды. Осыған дейін кәсіпкерлер қаулы аясында заңсыз шектеулерге жол берілгендігі туралы шағымданған болатын.

«Кәсіпкерлер жүгініп, аудандар мен қалалардың санитарлық дәрігерлерінің қаулыларын талқылағаннан кейін мобильді топ санитарлық дәрігерлердің бизнес құқығын бұзатын төрт карантиндік бұйрығын жойып, өзгертті. Сонымен қатар, біз 20 шағын кәсіпкерлік субъектісінің құқықтарын қорғадық, оларды полиция қызметкерлері карантиндік шектеулердің сақталуын заңсыз тексергені анықталды», - деді Алматы облысы прокурорының орынбасары Марат Әбдірахманов.

Алакөл ауданының білім беру ұйымдарында асханалар мен буфеттерді жалға алатын кәсіпкерлердің ұжымдық өтініші де бизнес пайдасына шешілді. Белгілі болғандай, Ұлттық экономика министрінің пандемия кезінде мемлекеттік жылжымайтын мүлік объектісінің жалдау ақысын есептемеу туралы бұйрығына қарамастан, жергілікті атқарушы органдар 21 кәсіпкерден төлем алды. Аудан прокуратурасының ұсынысы бойынша артық төленген қаражат сомасы қосымша келісіммен 2021 жылға есептелді.

Бизнестің жүйелі проблемалық мәселелері кәсіпкерлік өкілдері мен уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен «Атамекен» ӨКП жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес алаңында белсенді қаралып, шешілуде.

«Атамекенмен» бірлескен жұмыстың нәтижесінде бүгінгі таңда бизнестің үш проблемалық мәселесі жүйелі мәселелер тізілімнен алынып тасталды. Қазіргі уақытта екі өңірлік және бір республикалық проблемалық мәселе бар. Мысалы, инфекциялық және провизорлық стационарлардың жұмысына тартылған медицина қызметкерлерін тасымалдау, тұру және орналастыру бойынша көрсетілген қызметтер үшін кәсіпкерлік субъектілеріне төлем жасау проблемалары туралы жүйелі мәселені Кеңес отырысына шығарып, қарастырылды. Онда денсаулық сақтау мекемелерінің бизнес субъектілері алдындағы берешегін өтеу тетігі пысықталды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша бизнес субъектілеріне тиісті қаражат толық көлемде төленді, кінәлі адамдарға қатысты жауапкершілік туралы мәселе тәртіптік комиссияларда қаралады», - деп атап өтті Марат Әбдірахманов.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша мобильді топ жұмыс істейді. Мобильді топтың міндеті - кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзу және заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау туралы сигналдарына жедел әрекет ету. Сенім телефондары+7 7282 24 06 31, +7 778 169 77 79, +7 777 246 6642.


Соңғы жаңалықтар