Алматы облысында 14 177 түлек мектеппен қоштасты

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысында 14 177 түлек  мектеппен қоштасты. 565 оқушы  «Алтын белгіге» және 366 түлек  ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер. Олардың 10-ы - Талдықорғандағы  үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған № 20 лицейдің оқушылары. Бүгін өңір басшысы Амандық Баталов осы білім ордасына арнайы барып, оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтап,  мектеп бітірушілерге ақ жол тіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

null

"Құрметті түлектер! Бүгінгі күн сендер үшін қуанышты да толқынысты сәт. Соңғы қоңыраудың соғылуы балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам жасаған маңызды шақтың уақыты келгенін білдіреді. Көпшілігің болашаққа жоспар құрып, мақсаттарыңды айқындап та қойған боларсыңдар. Сол асыл армандарың мен ізгі мақсаттарыңа жетулеріңе тілектеспін. Ең бастысы өздеріңе сенімді, қиындыққа мойымайтын, алға қарыштап қадам жасай алатын елжанды азамат болыңдар. Ата-аналарың мен ұстаздарың сендерге бар тәлім-тәрбиесі мен білімін аямай бойларыңа дарытты. Енді сендерге еліне еңбек етер азамат болар деген үлкен үміт артамыз. Ақ жол болсын, жас түлектер!" - деді А. Баталов.

Дәстүр бойынша салтанатты жиында үздіктер, түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары құрмет грамоталары, дипломдармен марапатталды. Лицейдің түлектері мен оқушылары бүгінгі салтанатты шараға орай әзірлеген бағдарламасы барысында мәнерлеп өлеңдер оқып, әндерін үш тілде нақышына келтіріп орындады. Мұнан соң түлектер ұстаздарына алғыс айтып, мектеп вальсін биледі. Жиналғандар Соңғы қоңырауда шертілген әсем әуенмен түлектерді соңғы сабаққа шығарып салды. Түлектердің соңғы сабақтарына облыс әкімі Амандық Баталов та қатысты.

Соңғы жаңалықтар