Алматы облысында 1000-нан астам тұрғын жалғыз құдықтан су ішіп отыр
2018 жылғы 4 ақпан 20:35

Алматы облысында 1000-нан астам тұрғын жалғыз құдықтан су ішіп отыр

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Көпбірлік ауылына су құбыры тартылған. Бірақ тұрғындар тіршілік нәрін ауылдағы жалғыз құдықтан алып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2013 жылы Көпбірлік ауылына орталықтандырылған су жүйесі жүргізілген. Бірақ бірнеше жылдан кейін ол судың сапасы нашарлап тұз тати бастаған. Ал қазір мүлдем ішуге жарамсыз.

Тұрғындардың айтуынша, су құрамындағы тұз тіпті темір шелектерді шірітіп, тесіп жібереді. Ал құбырлардың бәрі жылдам тат басып, бітеліп қалады. Бұл мәселені халық Қаратал ауданының әкімі Рауан Рақымбековтың ауыл тұрғындарына берген есебінде көтерді. Аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тасыбаев судың құрамында хлордың мөлшерден тыс көп екенін растап отыр.

«Сондықтан қазір арнайы тексерулер жүргізіп, алдағы уақытта қандай шаралар қолдану керектігін айтамыз»,-деді аудан әкімінің орындасары.



Көпбірлік ауылында 1000-нан астам халық тұрады. Ауызсудан бөлек ауыл тұрғындарын жол мәселесі де мазалайды. Аудан орталығына дейінгі 180 шақырым жол шұрық-тесік. 30 шақырымы мүлде жүруге жарамсыз.

«Әсіресе, көктем мен күзде батпаққа батып, бейнет шегеміз»,- дейді тұрғындар.

Jańalyqtar

MURAǴAT