Алматы облысынан 6 спортшы Токио Олимпиадасында ел намысын қорғайды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының 6 спортшысы биыл жазда Жапония астанасы Токиода өтетін Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайды. 4 спортшы садақ атудан жолдама жеңіп алса, бір спортшы грек-рим күресінен және бір спортшы жеңіл атлетика бойынша өнер көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдағы Токио Олимпиадасына облыс спортшылары 6 лицензия ұтып алды. Олар – садақ атудан Санжар Мұсаев, Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин, жеңіл атлетикадан Айман Ратова, грек-рим күресінен Асхат Ділмұхамедов. Сонымен қатар садақ ату бойынша бір командалық жолдама облыс қоржынында.

Кеше Талдықорғанда Алматы облысының спорт саласындағы өткен жылғы жетістіктері қорытындыланып, үздіктер марапатталды.

Өңір басшысы марапаттағандар қатарында жеңіл атлет Айман Ратова да бар. Спорттық жүруден ел намысын қорғайтын атлет 2012 жылғы Лондон олимпиадасынан кейін тұрмысқа шығып, бес жыл үлкен спорттан қол үзіп қалған. Екі баланың анасы спортқа қайта оралғанына қуанышты екенін жасырмайды. Ол жуырда Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық жарыста жүлделі үшінші орынды иеленіп, Олимпиада лицензиясын жеңіп алды.

«Ең алдымен қазақ елінің үмітін ақтауға тырысамын. Ол үшін көп еңбек еттік. Көп тер төктік. Әлі де еңбек ету керек. Мақсатыма жетемін деген үміттемін», - дейді спортшы.

Айта кетейік, өткен жылы жетісулық спортшылар 2537 медаль жеңіп алған, соның 906-сы – алтын, 709-ы – күміс, 922-сі қола болды.

Жыл сайын жергілікті бюджеттен 108 үздік спортшыға ай сайынғы стипендия төленіп отырады. Соның ішінде 28 спортшы – мүмкіндігі шектеулі жандар.

Фото: romper.com
Соңғы жаңалықтар