Алматы облысына 51 медициналық жедел жәрдем көлігі берілді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы облысындағы медицина қызметкерлеріне 51 жедел жәрдем көлігі берілді. Су жаңа техникалардың  кілттерін облыс әкімі Амандық Баталов табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл өңірдің емдеу-профилактикалық мекемелерін автокөлікпен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 640 млн. теңге бөлінген. Оның 33 бірлігі - санитарлық автокөлік, 18-і - желілік, реанимациялық және кардио-реанимациялық бригадаға арналған жылжымалы медициналық жедел жәрдем кешені.

Бұл кешен медициналық құралдармен (электрокардиограф, дефибриллятор, жасанды демалту портативті аппараты т.б.) қамтамасыз етілген. Барлық автомашиналар облыстың аудан, қалаларындағы медицина ұйымдарына бөлінетін болады.

Мамандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаған өңір басшысы Амандық Баталов облыстың денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат көлемі жылдан жылға артып  келе жатқанын атап өтті. Нәтижесінде заман талабына сай денсаулық сақтау нысандары салынып, олар ең соңғы медициналық құралдармен жабдықталды.

Мамандар шетелде білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алып, аса күрделі операцияларды облыстың  өз дәрігерлері жасай бастады. Тек соңғы 3 жылда 50-ден астам дәрігер Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Латвия, Польша, Израиль, Түркия сынды алыс шетелдерде білімін жетілдірген.

Соңғы жаңалықтар