Алматы облысы Наурыз мейрамын қалай атап өтуде

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Наурыз мейрамына орай талдықорғандықтар мен қала қонақтарына 5 мың литр Наурыз көже мен 1 тонна бауырсақ тегін таратылды. Сондай-ақ саудагерлер де көжені 100-200 теңгеден сатып, саудаларын қыздырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қыран бүркіт ұстап, тазы итпен суретке түсу де ақылы болды. Естелік суреттің құны - 500 теңге. Ол жерде өз ұялы телефоныңызбен түссеңіз де осы ақшаны төлейсіз. Ұлыстың ұлы күнін жетісу жұртшылығы «Жастар» саябағында тойлады. Алтынай Жорабаева, Алишер Каримов сынды эстрада жұлдыздары мен облыстық өнер ұжымдары жетісулықтарға мерекелік көңіл күй сылайды. Осы жерде ата-аналардың сұрауымен облыс әкімі Амандық Баталов «Тұсау кесер» рәсімін орындап, кішкентай бүлдіршіндерге естелік сыйлықтар үлестірілді. «Жастар» мәдени-демалыс саябағының кіреберісінде «Жетісу» телеарнасының 20 жылдығына арналған көрме, мерекелік бағдарламалар, ұлттық қолөнер көрмесі, ұлттық ойындар және тағы басқа ойын-сауық ұсынылды. «Наурыз тартуы» деген атпен ұлттық тағамдар - жент, талқан, балқаймақ, кілегей, құрт, сүзбе, уыз, ірімшік және басқа да дәмдер, сол сияқты ұлттық сый-кәделер қойылды. «Ұлы Даланың жеті қыры» киіз үйлер алаңында жеті киіз үй тігіліп, Елбасы бағдарламасы бойынша «Ашық аспан астындағы мұражай экспозициясының» көрмелері таныстырылды.



«Әз Наурыз - еңсесі биік елдіктің, іргесі бекем бірліктің, сарқылмас ырыстың бастауы. Ұлыстың ұлы күнін халқымыз жыл сайын шат көңіл, кең пейілмен қарсы алады. Бұл мереке көп этносты Қазақстан халқын достық пен татулыққа шақырып, игі істерге жұмылдырып келеді. Жыл басы саналатын осы мерейлі күнінде өткен жыл еліміз үшін табысты кезең болғанын ризашылықпен айтамыз. Жыл басы - Наурыз Отанымызға жаңа табыстар әкелсін. Қазақстанның абыройы артып, айбыны асқақ болсын! Ұлыстың Ұлы күні әр шаңыраққа бақыт пен шаттық орнап, құт дарысын! Баршаңызға көктемдей көңіл күй, молшылық, береке-бірлік тілеймін! Ұлыс оң болсын, мереке құтты болсын!» - деді жиналған қауымды мерекемен құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов.


Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесі Талдықорған қаласында бұлақтың көзін ашып, № 28 ІТ-мектептің алдына ағаш отырғызудан басталды. Бұл іске облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері, Ассамблея мүшелері, жастар мен оқушылар атсалысты. Қаланың 8-ші шағын ауданындағы 56 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, кілттері тапсырылды. Кешке «Жастар» саябағында «Көктем мерекесінің жарық жұлдыздары» атты екі сағаттық дискобағдарлама ұйымдастырылады.

Соңғы жаңалықтар