+7 (701) 759 90 19
USD 383.95 EUR 429.26
RUB 6.16 CNY 55.02
Jańalyqtar

Алматы облысы дәрі-дәрмектің бағасын шарықтатпауды қолға алды

2017 жылғы 30 маусым 00:17
Бөлісіңіз:
Алматы облысы дәрі-дәрмектің бағасын шарықтатпауды қолға алды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАақпарат - Алматы облысы дәрі-дәрмектің бағасын шарықтатпауды қолға алды. Осы мақсатта 12 маусым күні Алматы облысының әкімдігі Фармация комитетінің Алматы облысы бойынша департаментімен және Фармацевтикалық қызметті қолдау мен дамытудың Алматы облысы бойынша қауымдастығымен бірлесіп дәрі-дәрмек пен медициналық құралдардың бағасын тұрақты ұстап тұру жөнінде меморандумға қол қойған болатын. Меморандум шарттарының жүзеге асырылу мәселелері бүгін облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен өткен жиында қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы меморандумның іс жүзінде қалай орындалып жатқанына талдау жасады. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, бүгінге дейін дәріхана жүйелері интернет-ресурстарының бір де бірінде меморандумға енгізілген дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар атауларының тізімі жарияланбаған. Бұл олқылықтың орнын толтыру қажет. Тізім облыс дәріханаларының барлығында көрнекті жерде ілініп тұруы тиіс. Бұл ретте Ғ. Сарыбаев мониторинг жасау мақсатында облыстың 50 дәріханасында болғанын айтты. Партиялықтар мониторингті одан әрі жалғастырып, облыстың 989 дәріханасының барлығын қамтуды көздеп отыр.

Жиында дәріхана жүйелерінің өкілдері, сондай-ақ «Алматы облысының фамацевтикалық саланы қолдау мен дамыту қауымдастығы» ЗТБ өкілі Дамир Мулюков сөз алды. Олар меморандумда көрсетілген келісімді орындауға жауапкершілік алатындарын және айтылған кемшіліктерді жуық арада жоятындарын айтты.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ж. Омар қорытындылады.

«Елбасы мемлекет пен бизнес бірге жұмыс істеуі керектігін, бір-бірін қолдауы қажеттігін үнемі айтады. Бұл бағытта біз сіздермен бірлесіп жұмыс жүргізуіміз керек. Өйткені біздің мақсатымыз ортақ - халықтың денсаулығын сақтау мен нығайту. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін естен шығармаңыздар. Бұл - аса маңызды мәселе. Біз өз тарапымыздан сіздерге қажетті қолдау көрсетуге тырысамыз. Қазір құрамына «Нұр Отан» партиясының мүшелері, әкімдіктердің, ҮЕҰ, БАҚ, фармацевтиканы қолдау мен дамыту қауымдастығының, ірі дәріханалар жүйелерінің өкілдері кіретін жұмыс тобы құрылады. Ұсыныс енгізіңіздер. Жағдайды сараптап қарайық, барлық тараптың пікірлерін ескере отырып, туындаған мәселелердің тиімді шешімін табайық. Біз қол қойылған үшжақты меморандум шарттарының орындалуына үнемі мониторинг жасайтын боламыз, - деді Ж. Омар.

Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік дәріханалар құру қажеттігін де атап өтті. Жалпы меморандумның басты мақсаты халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына қолдау көрсету. Аталмыш құжатқа сәйкес бөлшек сауда өкілдері бағаны ұстап тұрудың әлеуметтік жауапкершілігін өзіне алып отыр. Жиі қолданылатын дәрілер мен медициналық бұйымдардың 120 аталымының бағасы тіркелді. Олардың 109-ы - отандық өндірушілер. Меморандум 2017 жылдың соңына дейін күшінде болады.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Самал Қабышева

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT