Алматы облысы биыл 42 мың тонна таза қант өндіруді жоспарлауда

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Биыл Алматы облысында 500 мың тонна тәтті түбір жинап, шамамен 42 мың тонна қант өндіру жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы, биыл облыста қант қызылшасының егіс алқабы 2,1 мың гектарға ұлғайтылып, 16,1 мың гектарға жетті.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Көксу және Ақсу қант зауыттары биылғы егінді өндіру мен қабылдауға 100% дайын. Қабылдаудың бірінші күнінде Ескелді, Көксу, Қаратал аудандары мен Талдықорған қаласының ауылшаруашылық тауар өндірушілері Көксу қант зауытына 400 тоннадан астам қант қызылшасын жеткізді.

Зауыт директоры Алтынбек Аббатовтың айтуынша, Көксу қант зауыты 80% жаңартылып, өндіріс толығымен автоматтандырылған. Бұл, қанттың сапасын едәуір арттырады. Қант зауытының табиғи газға көшуі өте маңызды мәселе. Зауыт экологиялық таза отынмен екінші жыл жұмыс істеуде. Бұл экономикалық және аймақтық экология үшін өте тиімді. Егер бұрын маусым кезінде кәсіпорын 10 мың тонна мазут жақса, көгілдір отынға қосылған кезде жанармай құны 1,5 есеге төмендеді.

«Бүгінгі таңда Көксу қант зауытының құрал-жабдықтары ағымдағы және күрделі жөндеуден толығымен өткізілді. Қызылша қабылдау пунктінде салмақ өлшейтін құрал ауыстырылды. Оның орнына электронды қондырғы орнатылды. Бурт төсейтін машиналардың барлығына күрделі жөндеу жүргізіліп, барлығы 5 машина жұмыс істеп тұр. Зауытта сонымен қатар шикізатты қайта өңдеу желісі бар. Бұл кәсіпорынның жыл бойына жұмысын қамтамасыз етеді. Жөндеу кезінде зауыт 250-ден астам адамды жұмыспен қамтыды. Маусым айында 200-ге жуық адам тұрақты жұмысқа тартылады. Кәсіпорынды жаңғырту жұмыстары жалғасуда», – деді зауыт директоры А. Аббатов.

Өткен жылы Көксу қант зауыты 230 мың тонна шикізатты өңдеп, 20 мың тоннадан астам түйіршіктелген қант өндірді.

«Биыл Алматы облысында 500 мың тонна тәтті түбір жинап, шамамен 42 мың тонна қант өндіру жоспарланған», - делінген Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің ақпаратында.


Соңғы жаңалықтар