Алматы облысы білім басқармасының бұрынғы басшысы Майгүл Омарова 10 жылға сотталды

Фото: Фото: gov.kz
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы Майгүл Омарова 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл жөнінде Талдықорғанда өткен жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы Майгүл Омарова 10 жылға, өңірлік ақпараттық технологиялар орталығының басшысы Арапби Меңлібаев 11 жылға, білім басқармасының бас маманы Бақыт Абдолданова 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар мемлекеттік сатып алуға қатысты келісімшартқа пара алды деп айыпталған», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов.

Айта кетейік, аталған үкім әлі күшіне енген жоқ. Сотталушылар аппеляциялық шағым түсірген.

Естеріңізге сала кетейік, Майгүл Омарова өзінің сыбайластарымен бірге 2021 жылдың 9 ақпанында ұсталып, қамауға алынған болатын.

Тергеу материалдарына сәйкес, Майгүл Омарова 2020 жылдың қазан-қараша айларында жалпы сомасы 406 миллион теңгеге 2522 ноутбук жеткізуге және пандемиямен күрес бойынша дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде сатып алынған ноутбуктерді кедергісіз қабылдауға мемлекеттік сатып алу шартын жасаған.

Сотталушыларға 35 млн теңгеден аса пара алды деген айып тағылған.


Соңғы жаңалықтар