Алматы облысы алдағы уақытта республикалық бюджет доноры болуға қауқарлы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңадан құрылған облыстарда өнеркәсіп өндірісінің көлемі артады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш өсімінің қарқынына тоқталғым келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Абай облысындағы өңірлік жалпы өнім көлемі - 2 трлн теңгеге дейін, Жетісу облысында 1,1 трлн теңгеге дейін артады, ал Ұлытау облысында өңірлік жалпы өнім - 1,2 трлн теңге», - деді Әлібек Қуантыров Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, 2022 жылы Абай облысының жеке табысы 70 млрд теңгені, Жетісу облысында – 58 млрд теңгені, Ұлытау облысында 48 млрд теңгені қамтиды.

«Алдын ала жасалған есептеулерге қарағанда, жаңадан құрылған Алматы облысы алдағы уақытта республикалық бюджеттің доноры болуға қауқарлы. Сонымен қатар, жаңадан құрылған өңірлер бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі артады. Оның ішінде Абай облысында 1 трлн теңгеге дейін, Жетісу облысында – 275 млрд теңгеге, Ұлытау облысында 855 млрд теңгеге артады», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Әлібек Қуантыров жаңадан құрылған облыстарда инфрақұрылым мен жолдардың сапасына қатысты проблема бар екенін айтты.

Өткен аптада Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды.

Сонымен қатар, Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі болды, Нұрлан Ұранхаев Абай облысының әкімі лауазымына тағайындалды.

Ал Жетісу облысының әкімі қызметіне Бейбіт Исабаев келді.



Соңғы жаңалықтар