Алматы облысы әкімдігі көмір тапшылығын қолдан ұйымдастырғандарды іздестіруде

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат  - Алматы облысының әкімі Амандық Баталов облыс аумағында көмір мәселесін шешуді тапсырды. Өңір басшысы алып-сатарлар қатты отын тапшылығын қолдан ұйымдастырып, бағаны жасанды қымбаттатып отырғандармен күресу қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Амандық Баталов соңғы күндері бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Талдықорған және Есік қалаларында көмір тапшылығы туралы сыни материалдар жарыққа шыққанын айтып өткен болатын.

«Осыған орай жауапты қызметкерлердің көмір сатылатын жерлер мен теміржол тұйықтарында кезекшілік ұйымдастырып, бақылауға алуды тапсырамын», - деді ол. Ал жұмысты қадағалауды орынбасары Айдарбек Байжановқа міндеттеді. Сондай-ақ Баталов жасанды жолмен қатты отын тапшылығын ұйымдастырып, халықты дүрліктіргендерді жауапқа тарту қажеттігін атап өтті.

Облыс әкімінің тапсырмасын орындау мақсатында Айдарбек Байжановтың басқаруымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар Еңбекшіқазақ ауданындағы көмір қоймаларындағы жағдайды тексеру үшін Есік қаласына барды. 25 қаңтарда Есік қаласында 120 тонна қатты отын қоры бар екені анықталды. Еңбекшіқазақ ауданында теміржол тұйықтарының жоқтығынан көмір Алматы қаласы мен жақын аудандардан жүк көліктерімен тасымалданады. Қалаға күнделікті 120 тонна көмір жеткізіледі. Аудан әкімдігінде де көмір тапшылығын жоюға бағытталған арнайы штаб құрылды. Ал облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Әсет Қанағатов бұдан былай ауданға күн сайын 200 тонна көмір жеткізіліп тұратынын мәлімдеді. 

Бұған дейін талдықорғандық тұрғындардың алып-сатарларға білдірген наразылықтарын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар