Алматы облысы 80 метрлік аумен балық аулаған браконьерлер ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 100 келіден астам тірі балық тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 шілдеде табиғатты қорғау полициясы балық шаруашылығы қауымдастығының өкілдерімен бірлесіп, бір топ браконьерді ұстады.

Іле ауданы Междуреченск ауылдық округінің Сарыбұлақ көлінде «белгісіз біреулер аумен балық аулап жүр» деген жедел ақпаратты ала салысымен табиғат қорғау полицейлері балық шаруашылығы қауымдастығы өкілдерімен бірге аталған жерге келіп жетті.

Олар автокөлік пен арқан арқылы судың ішінен балыққа толы торды алып шығып жатқан адамдарды қолға түсірді. Ұсталған 4 ер адам - Қарасай ауданының тұрғындары.

Тәртіп сақшылары заңсыз балық аулау процесін тіркеп, олардан 80 метр балық аулайтын ауды, 100 келіден астам тірі балықты, оның ішінде 70 келіден жоғары сазан және 30 келіге жуық мөңкенің тәркіледі.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодекстің 335-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша тіркелді.

Заңсыз балық аулауға жұмылдырылған автокөлік соттың шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды. Күдіктілерге қатысты тұрғылықты жерлерінен кетпеуге және тиісті тәртіпті сақтау туралы бұлдартпау шарасы қабылданды.

Тәркіленген балық қабылдау пунктіне өткізілді.



Соңғы жаңалықтар