Алматы облыстық ТЖД қызметкерлерінің қатары толықты

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облыстық ТЖД қызметкерлерінің қатары толықты. Жеңістің 72 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне орай өткен мерекелік шарада 45 маман ант қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сондай-ақ, бірқатар қызметкер алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Алматы облысы ТЖД бастығы азаматтық қорғау полковнигі Дарынбек Есалыұлы Байсариев жас мамандарды құттықтап, оларға болашақта Отанына қызмет ету барысында сәттілік тіледі.

"Бұл мереке - жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өркендеуі, гүлденуі де - осынау мерекенің жемісі. Бүгінгі ұрпақ ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алатынына сенім білдеремін. Осынау ерлікке толы Күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қалады. Өкінішке орай, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары жылдан жылға сиреп бара жатыр. Сондықтан жастық шағын сұрапыл соғыспен өткізген ардагерлерді ерекше құрметтеу, біздің парызымыз", - деді ТЖД бастышысы.

Департамент қызметкерлері ардагерлерді құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Салтанатты кеш соңы  концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кету керек, Алматы облысы бойынша Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 190 ардагер бар.

Соңғы жаңалықтар