Алматы облыстық қорғаныс істері департаментіне жаңа басшы тағайындалды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментіне жаңа басшы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лауазымға бұрын өңірлік ведомство басшысының орынбасары болған Талғат Дәулетханов тағайындалған.

«ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен подполковник Дәулетханов Талғат Жасболатұлы Алматы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы лауазымына тағайындалды», - деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Ол 1975 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданының Үшарал қаласында туған. 1995 жылы И. Конев атындағы Алматы жоғары әскери училищесін, 2010 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде мобилизация курстарын бітірген.

Қызметін Сарыөзек кентіндегі танкілік оқу взводының командирлігінен бастаған. Әр жылдарда взвод командирінен мотоатқыштар батальонының командиріне дейінгі лауазымдарды атқарған.

Әскери басқарманың жергілікті органдарындағы қызметін 2007 жылы бастаған.

2016 жылдан бастап Алматы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Бұдан тыс, 1999 жылдың ақпанынан тамызына дейін Тәжікстан-Ауғанстан шекарасында ЖЕАБ құрамында ТМД-ның сыртқы шекараларын қорғауға қатысқан. І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «ҚР Қарулы Күштерінің ардагері» медальдарымен, сондай-ақ мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Еске сала кетейік, облыстың қорғаныс департаментінің бұрынғы басшысы Бердібек Берістемов үстіміздегі жылдың 31 наурызында қызмет кабинетінде атып өлтірілген болатын.

Соңғы жаңалықтар