Алматы музейінде Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған көшпелі көрме ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы аясында Алматы музейінде «Алаш жырының ақиығы – мұзбалақ Мұқағали» тақырыбында жылжымалы көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмеге ақынның шахмат тақтасы, домбырасы, портфелі, қол сағаты, сия сауыты, қолжазбалары мен жеке заттары қойылған.

«Келушілердің назарына 50-ге жуық экспонат ұсынылған. Өздеріңіз білетіндей, біздің музей Алматы қаласынан 300 шақырм қашықтықта орналасқан. Ол жерге бәрі бірдей бара алмайды. Сондықтан көшпелі көрме ақын шығармашылығын сүйетін жанкүйерлер үшін жақсы мүмкіндік болады. Осы жылдар ішінде біздің экспонаттардың құндылығы артып келеді. Бір айдың ішінде барлық алматылықтар мен қала қонақтары Алматы мұражайындағы осы көрмені тамашалай алады», - деді М.Мақатаевтың әдеби-мемориалдық мұражайының жетекшісі Ерлік Ахметов.

М.Мақатаевтың әдеби-мемориалдық мұражайы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында орналасқан. Мұражай 1991 жылы ашылды. Онда 734 жәдігер бар, экспонаттардың 434-і - ақынның тұтынған тұрмыстық заттары мен кітаптары. Негізгі қоры 548, қосымша қоры – 186.

Шараға Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, музей қызметкерлері мен ақының ұрпақтары қатысты.

«Қазір әкемнің 90 жылдығына арналған көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Жақында біздің қор оның шығармаларының он томдық жинағын шығаруды жоспарлап отыр. Мен әкем туралы естеліктердің қалғанына өте қуаныштымын. Халық оны жақсы көреді және құрметтейді. Жас ұрпақ оның өлеңдерін қуана оқиды. Барлығыңызға көп рахмет», - деді ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев.


Соңғы жаңалықтар