Алматы Муниципалды автобус паркі 76 млн теңгенің қайда кеткендігін айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қалалық муниципалды автобус паркі өкілдері БАҚ өкілдерін жинап, брифинг өткізді. Олар қалалық қаржы полициясы мәлімдеген «АМП 76 млн. теңгені жымқырды» деген айыбын жоққа шығарды.

«Автобустарда орналасқан «Бест Кард» компаниясының валидатор жүйесі дұрыс жұмыс жасамайды. Біз басқа электронды төлем жүйесіне көшуді жоспарлап отырмыз», - деді «Алматыэлектротранс» ЖШС қаржы ісі бойынша директорының орынбасары Хабибулла Сабдуллаев. Естеріңізге сала кетейік, наурыздың 7-сінде Алматы қалалық қаржы полициясы департаменті Алматы Муниципалды автобус паркінің лауазымды тұлғалары 76 млн. теңге көлемінде қаржыны жымқырған деп мәлімдеген болатын. Қалалық қаржы полициясы департаментінің баспасөз хатшысы Жақсылық Жақыбаевтың айтуынша, жүргізілген аудиторлық тексерістер нәтижесінде жолақысын төлеудің электронды жүйесінің көрсеткен сомасы мен кассаға түскен қаржының сомасы арасында үлкен айырмашылық болған. Яғни, «Алматыэлектротранс» ЖШС Муниципалды автобус паркінің кассасына түсірген сомасы 76 млн. теңгеге кем болып шыққан. Аталған дерек бойынша қазір ҚР ҚК 176-бабының 4-тармағымен (бөгденің сеніп тапсырылған мүлкін алу) қылмыстық іс қозғалған болатын. Ал «Алматыэлектротранс» ЖШС өкілдері бар мәселе төлемнің электронды жүйесінің жетілдірілмегендігінде деп отыр. «Бұл жерде электронды деректер «Бест кард» компаниясының серверіне түседі. Ал нақты қаржы біздің кассаға тіркеледі. Сондықтан, түскен сома мен тіркелген сома арасында айырмашылық бар. Электронды жүйе дұрыс жұмыс істемегендіктен, біз басқа жүйеге көшуді қарастырып отырмыз, - деді «Алматыэлектротранс» ЖШС қаржы ісі бойынша директорының орынбасары Хабибулла Сабдуллаев Оның айтуынша, валидатор жүйесі монетаның қазақстандық болмаса шетелдік номинал екендігін анықтай алмайды. Сондай-ақ, төлемнің жартысы түссе де валидатор толық жол жүру үшін билет басып береді. «Сондықтан, жылына 12-13 млн. теңге көлемінде ауытқушылықтар орын алады», - деп қорытындылады ол.

Соңғы жаңалықтар