Алматы метросында билет тексермейтін турникет ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы метросында «Almaty - adaldyq alany» жобасы аясында «Абай» метро бекетінде адалдық турникеті ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов, мемлекеттік органдар, жастар ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысты.

Мұндай турникет бір ай бұрын «Алмалы» бекетінде пилоттық жоба ретінде ойдағыдай жүзеге асқан болатын. Айталық, ашылған сәттен бастап «адалдық турникеті» арқылы 12 мыңнан астам адам өткен. Оның ішінде 48 адам ғана жолақыны төлемеген.

«Жол ақысын төлемеген азаматтарды суретке түсіріп, метро вагондарындағы экрандардан көрсету және осы әдіс арқылы олардың бойында адамгершілік пен адалдық қасиеттерін қалыптастыру ұсынылған еді. Бірақ бірінші кезекте мониторингпен шектелдік», - деді «Almaty - adaldyq alany» жобасының офис жетекшісі Александр Братенков.

«Almaty - adaldyq alany» жобалық кеңсесі мен метрополитен бірлесіп қолға алған кедергісіз өту жүйесі «Абай» бекетінде орнатылып, бастама жалғасын тауып отыр. Мұнда күн сайын 4-5 мыңға жуық адам метро қызметін пайдаланады. Оның басым көпшілігі - студенттер, өйткені көптеген ЖОО осы станса маңында орналасқан», - деді Олжас Бектенов.

Осыған ұқсас жобалар Алматы қаласында бұрын қолға алынған. Қаладағы ЖОО-ның көпшілігінде «адалдық дүкендері» бар. Оған келушілер төлемді өздері жасайды, дүкенде сатушы жоқ.

Қазіргі кезде ірі супермаркеттер желісінде сатушысы жоқ кассаларды ашу бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар