Алматы метросына сейсмикалық станциялар орнатылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы метросына алғашқы сейсмикалық станциялар орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Инженерлік-сейсмометрикалық қызмет станцияларын орнатуға «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ ғылыми-техникалық тұрғыдан көмек көрсеткен.

«Алматы қаласы метрополитенінің «Бауыржан Момышұлы» және «Сарыарқа» жаңа станцияларында тоғыз арналы цифрлы аспапты-өлшеу жүйелері орнатылды. Аталған құрылғылар швейцариялық GeoSIG фирмасының өнімі.

Бұл – Алматы қаласының метро жүйесінде орнатылған алғашқы сейсмикалық станция. Аталған құрылғылар жер сілкінісін алдын-ала болжауға мүмкіндік беріп, зілзала кезіндегі кинематикалық параметрлердің аспаптық жазбаларын алуға септігін тигізбек. Құрылғыдан алынған ақпарат сейсмикалық әсердің нақты қуаты мен ерекшеліктерін ескеруге және метрополитеннің жаңа станцияларын жобалауға ықпал етеді», - деп жазды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен.

Құрылғылар күту режимінде жұмыс істейді. Оның іске қосу шегі – 0.05g. Аспапта іске қосу шегінің болуы – метрополитендегі пойыздар қозғалысының динамикалық әсерімен байланысты.

Айта кетейік, станциялар өткен жылы техникалық тұрғыдан іске қосылған. Биылғы маусым айында оларды толық пайдалану жоспарланып отыр. Алдағы уақытта метрополитендегі құрылысы жүріп жатқан тағы екі бекетте осы тақілеттес сейсмикалық станцияларды орнату көзделген.


Соңғы жаңалықтар