Алматы меншігіне 383,5 гектар жер қайтарылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы меншігіне 383,5 гектар жер қайтарылды. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполис тұрғындарымен есеп беру кездесуі кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен тағайындалған кезден бастап, мегаполисте жолдар, мектептер, ауруханалар, балабақшалар, емханалар, саябақтар, алаңдар, қоғамдық демалыс орындарын салу үшін бос жер жетіспейді деген проблемаға тап болдым. Сондықтан мен орталыққа проблемалық несиелер қорына кепілге берілген жерді қалаға беру туралы мәселені қойдым», - деп түсіндірді қала әкімі Б.Сағынтаев.

Сонымен, 2019 жылдың 28 желтоқсанында ҚР Үкіметі «Проблемалық несие қоры» АҚ мен «Kazkom Reality» ЖШС жерлерін Алматы қаласының коммуналдық меншігіне беру туралы шешім қабылдады. Берілген жердің жалпы көлемі 383,5 га құрады.

«Бұл жер учаскелері қала үшін маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін пайдаланылады», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Демалыс орындары мен саябақтарға 166,34 гектар жер бөлінді, оның 116,74 гектары Іле Алатауының бөктеріне түседі.

Алматы шетіндегі аудандарды орталықтандыру үшін әлеуметтік нысандар бой көтереді. Атап айтқанда 7 балабақша, 4 мектеп, оқушылар сарайы, емхана, метро, автовокзал. Оған 87,44 га жер қарастырылды.

Жалпы, 2019 жылдың қорытындысына сәйкес, жер мәселесі бойынша 6693 оң шешім қабылданды, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Сейфуллин мен Жансүгіров қиылысындағы жолайырықтың құрылысын жалғастыру үшін 117 үйге өтемақы төленді.

Айта кетейік, Алматыда қала әкімінің есеп беру кездесуі өтіп жатыр. Оған 3200 адам жиналды.


Соңғы жаңалықтар