Алматы мен Түркия экономикалық байланысты кеңейте түспек
2015 жылғы 26 ақпан 19:19

Алматы мен Түркия экономикалық байланысты кеңейте түспек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы әкімі Ахметжан Есімов экономика министрінің орынбасары Аднан Йылдырым бастаған Түрік Республикасының делегациясын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Қала әкімі өз сөзінде соңғы жылдары мегаполис пен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың кеңінен дамып келе жатқандығын атап өтті. Мысалы, 2014 жылы Алматы мен Түрік Республикасы арасындағы тауар айналымы он пайызға артып, 550 млн. АҚШ долларын құрады. Қалада 26 мыңнан астам түрік елінің азаматтары турист ретінде және басқа да бағыттар бойынша болды. Мегаполисте біріккен 154 қазақ-түрік кәсіпорны бар, ал 513 кәсіпорын түрік капиталымен жұмыс істейді.

«Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынас жаңа арнаға түсіп, тұрақты даму үстінде. Оның үстіне, Алматы мен Ыстамбұл - бауырлас қалалар. Біздің ынтымақтастығымыз тек сауда-экономикалық аспектілермен шектелмейді, қала аумағында қазақ-түрік лицейлері ойдағыдай жұмыс істеуде, мәдени алмасулар және басқа да байланыстар қанатын жаюда», - деді Ахметжан Есімов.

Бұдан өзге, Алматы әкімі түрік бизнесмендерін мегаполистің бірқатар әлеуетті инвестициялық жобаларына қатысуға шақырды.

Өз кезегінде Аднан Йылдырым Алматы мен Түркия арасындағы байланыс деңгейінің жоғары екендігін атап өтіп, жылы қабылдауы үшін әкімге алғыс білдірді.

Айта кетейік, ертең Алматыда Қазақстандық-Түрік бизнес форумы өз жұмысын бастайды.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT