Алматы мен Тбилиси басшылары ынтымақтастықты нығайтпақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы мен Тбилиси қаласының басшылары ынтымақтастықты нығайтуға  уағдаласты,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Грузияға жұмыс сапары аясында Тбилиси мэрі Кахабер Каладземен кездесті. Тараптар қала кеңістігін,  сауда- экономикалық байланысты дамыту, тәжірибе алмасу және туризм саласында ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

 Тбилиси мэрімен әңгіме барысында Бауыржан Байбек  Алматыда бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалардың  іске асқанын, логистика, туризм, «Smart city» жобасы салаларында грузиндік бизнесмендер үшін үлкен инвестициялық әлеуеттің қалыптасқанын атап өтті. 

«Біз Тбилисиде қоғамдық кеңістікті құру  қағидаларымен таныстық. Былтыр қаланың тарихи орталығының үштен бірі  жаңарды, биылғы жылы да дәл осындай кеңістікті қайта жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Алматы экономикасының жаңа драйвері деп танылған туристік салада заңнамалық шешімдер мен маркетинг жоспарлар жасаудағы Грузияның тәжірибесі бізді қызықтырады. Алматы  мен Тбилиси арасындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылғанына  биыл 25 жыл толады, сондықтан мен 2018 жылдың екіжақты байланысты одан әрі нығайтудың жаңа кезеңі болатындығына сенімдімін», -  деді Алматы әкімі. 

Сөз кезегін алған  Тбилиси мэрі екі ел арасында үнемі жылы әрі бауырластық қарым- қатынастың орныққанын, енді екі қала арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды екенін атап өтті. Кездесу барысында Каха Каладзе Алматыдағы көлікті тұрақтандыру және тұрмыстық қатқыл қалдықтарды кәдеге жарату жөніндегі жобаларға қызығушылық білдірді.

«Даму қарқыны жоғары болған сайын мегаполистерде ортақ проблемалар қалыптасады, олар - жеке көлік санының артуы, инженерлік желілердің тозуы, тұрмыстық қатқыл қалдықтарды кәдеге жарату. Бұлардың барлығы экологияны нашарлатады, сондықтан бізде де  Алматы сияқты қоғамдық көлікті тұрақтандыру жүйесі маңызды аспект болып табылады. Қазіргі кезде Тбилиси автопаркінде  700 автобус бар,  бірақ біз оны одан әрі жаңартамыз. Бұдан өзге, жақын арадағы бірнеше жылда  ескі қаланы қайта жасауды жоспарлаудамыз. Мен  айтылған барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайту мен тәжірибе алмасуды күшейту  үлкен  әлеуеттің  бар екеніне сенімдімін», - деді Тбилиси мэрі.

Грузияға жұмыс сапары барысында  Бауыржан Байбек Грузия премьер-министрінің бірінші орынбасары, экономика және тұрақты даму министрі Дмитрий Кумсишвилмен жүздесті.

Тараптар  туризм саласы мен бизнес- климатты жақсарту жөніндегі өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бүгінгі таңда Грузия  Бүкіләлемдік «Doing Business»  банкінің рейтингінде тоғызыншы позицияда және туристік  бағытты дамытуда едәуір алға жылжуда. Тек 2017 жылдың өзінде ғана Грузияда 7,5 млн астам турист барған.

«Бүгінгі күні  Қазақстан Грузияда  болған елдердің ТОП-10 қатарына енген. Біздің көптеген отандастарымыз Қазақстанда болып  қайтты. Біз ынтымақтастықты және экономиканың туристік кластерін дамыту тәжірибесін алмасуды нығайтуға ниеттіміз», - деді Дмитрий Кумсишвили.

Дәл осы күні Алматы делегациясы «бір терезе» қағидасы бойынша азаматтарға мемлекеттік қызметтің   үлкен спектрі көрсетілетін Әділет үйінің жұмысымен танысты. Бұл мекеменің басты ерекшелігі бірқатар мемлекеттік қызметті «Drive-thгu» жүйесі бойынша автомобильден шықпай  алуға болады екен.

Айта кетерлігі, 2017  жылы Алматы мен Грузия арасындағы тауар айналымы 2016 жылмен салыстырғанда 14,5%-ға артқан. Қалада сауда, қаржы, құрылыс, медицина және басқа  салаларда грузиндік капиталмен 51 кәсіпорын жұмыс істеуде.

Соңғы жаңалықтар