Алматы мен Нұр-Сұлтанды жалғайтын жол қалай жөнделіп жатыр

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды. Үкімет басшысы өңірде бірқатар өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды аралап, Теміртау және Саран қалаларында жаңа жобаларды іске асыру барысымен танысады, сондай-ақ жалпы Қарағанды облысының кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізеді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Әлихан Смайылов өңірде бірінші кезекте Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларын байланыстыратын «Орталық-Оңтүстік» халықаралық транзиттік дәлізінің бір бөлігі «Қарағанды-Балқаш-Сарышаған» автожолын (1492,4-2005 км учаскесі) реконструкциялау барысымен танысты.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаевтың айтуынша, жобаны 2023 жылдың желтоқсанында толық аяқтау жоспарланған.

Оның айтуынша, биыл жол жамылғысының құрылымдық қабаттарын төсеу, жасанды құрылыстарды монтаждау және жол-құрылыс материалдарын дайындау жұмысы жалғасады.

Мәселен, республикалық маңызы бар «Қарағанды-Балқаш» және «Балқаш-Бурылбайтал» және басқа автожолдарда кең ауқымды жол-құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жұмыс барлық 8 учаскеде қайта басталды.

Сонымен қатар көлік қозғалысы айналма және топырақ төселген жолдармен жүзеге асырылатын учаскелердің санын қысқартуға баса назар аударылады.

Реконструкция аяқталғаннан кейін бұл трассалар төрт жолақты І техникалық санатқа сәйкес келетін болады.

«Жоба жол жүру уақытын айтарлықтай қысқартып, қауіпсіз және жайлы қозғалысты қамтамасыз етеді. Жаңартылған автожол Балқаш көлінің туристік кластерін дамытудың драйверіне айналады және жаңа жұмыс орындарын құруға ынталандырады», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек үкіметтік делегация мүшелерін өңірдің жол-көлік инфрақұрылымын дамыту барысы туралы хабардар етті, оның нәтижесінде көлік әлеуеті артып, бірқатар жолдар жоғары техникалық санатқа ауыстырылуы тиіс.

Үкімет басшысы баяндамамен танысып, облыс басшылығына бірқатар тиісті тапсырмалар берді.


Соңғы жаңалықтар