Алматы мектептерінде қосымша кезекші сыныптар ашылмайды - Бекшин

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы мектептерінде 1-5 сыныптар аралығында қосымша кезекші сыныптар ашуға тыйым салынды. Бұл туралы Алматы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау дпартаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, оқушылар арасында вирус жұқтыру көрсеткіші көтерілген.

«5 қаңтардағы жағдайға сәйкес оқушылар арасында 311 оқушыдан КВИ анықталған. Оның ішінде 15 оқушы Алматы арқылы елдің басқа өңірлеріне өтіп бара жатқан. Олар жергілікті тұрғын емес. Қала оқушылары арасында 296 жағдай тіркелді. 262 оқушы қашықтан оқыған кезде жұқтырған. 1-4 сынып аралығында - 38 оқушы, 5-8 сынып аралығында -40 оқушы, 9-12 сынып аралығында 21 оқушы жұқтырған. Яғни, жұқтыру көрсеткіші артып келеді», - деді ол.

Бекшиннің айтуынша, онлайн оқудың арқасында аурудың жедел таралуының алды алынды.

«Біз 1500 баланы ауру жұқтырудан аман алып қалдық. Қаланың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен 1-5 сыныптар арасында қосымша кезекші кластар ашуға тыйым салынды. Егер осы оқушылар мектепке барып жүрсе, 1500 бала жұқтырар еді. Басқа сыныптарға да көшетін еді. Мұғалімдер де ауырып қалар еді. Сондықтан бұл шешім дұрыс деп санаймын»,- деді Ж. Бекшин.

Ал 9,11,12 сынып оқушыларына - үшінші тоқсаннан бастап, колледждің 1 курс студенттеріне – екінші семестрден бастап дәстүрлі оқу форматына көшуге рұқсат берілген.

«Бүгінде жоғарғы сынып оқушылары арасында кезекші сынып ашу туралы мәселе қозғалып жатыр. Күнделікті бақылауға сәйкес, 9 сынып арасында – 17 оқушы, 11 сынып арасында – 12 оқушы, 12 сынып арасында 2 оқушы вирус жұқтырған. Жоғарғы сынып оқушылары арасында 260 оқушыны ауру жұқтырудан алып қалдық», - деді спикер.

Мектеп түлектері мектепке өз еркімен барады.

«Ата-аналар баласын мектепке жіберемін деп шешсе, сабақтың 70 пайызы - офлайн, 30 пайызы - онлайн болмақ», - деді ол.

Әр сыныпта 15 оқушыдан аспауы шарт.

«Қалалық білім басқармасы мектептерді дезинфекциялау құралдарымен қамтиды. Дәлізде топтасып қалмас үшін әр сынып үзіліске әр уақытта шығады. Мектепте маска режимі қатаң сақталады», - деді Бекшин.


Соңғы жаңалықтар