Алматы мектептерінде буллингтің алдын алу үшін QR-кодтар орнатылды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы прокуратурасының бастамасымен кәмелет жасына толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында пилоттық режимде «Сенім бұрышы» атты интернет-ресурс іске қосылды. Оның QR-коды орта білім беретін отыз мектепке қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Прокуратураның мәліметінше, оқушылар мен ата-аналарға ыңғайлы болуы үшін әр сынып бөлмесінде балалардың құқығы бұзылған кезде смартфон камерасын QR-кодқа бағыттау арқылы мектеп әкімшілігіне анонимді онлайн-өтініш жасауға жағдай жасалған.

«Процесті цифрландыру нәтижесінде кәмелет жасына толмағандарға қатысты 561 құқық бұзушылық бойынша шара қабылданып, оларға жедел ден қоюға мүмкіндік берді. Мысалы, оқушылар арасындағы буллингтің алдын алу жөніндегі кеңестің отырыстарында қаралды, нәтижесінде 175 оқушы мектепшілік есепке, 98 оқушы тәуекел тобының есебіне қойылды және бір факті кәмелетке толмағандар құқығын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қаралды», - деп хабарлады прокуратура.

Пилоттық жоба Алатау ауданының оқушылары мен ата-аналары арасында оң бағаланды. Аталған жұмыс қаланың басқа мектептерінде де жүріп жатыр.

Еске салайық, елімізде балаларды буллингтен қорғайтын ереже бекітілген еді.

Сондай-ақ бұған дейін Астана мектептерінде де буллингті болдырмау мақсатында QR-кодтар орнатылған болатын.


Соңғы жаңалықтар