Алматы мектептері мен балабақшаларында орын тапшылығы қашан шешіледі
2022 жылғы 20 қаңтар 17:00

Алматы мектептері мен балабақшаларында орын тапшылығы қашан шешіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығы 5 жылда шешіледі. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, қазір мектептерде 33 812, балабақшаларда 40 мыңға жуық орын жетіспейді. Бұл балалар санының өсуіне байланысты.

«Бұл мәселені шешу үшін жаңа мектептер мен балабақшалардың жедел құрылысына баса назар аудара отырып, әлеуметтік нысандарды ашу жоспарлары түзетілді. Биыл 48 мектеп ашылады. Оның ішінде бюджет есебінен – 16, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында – 4, құрылыс компанияларымен жасалған меморандум бойынша – 16, жеке инвестициялар есебінен – 10 мектеп салынады. Сонымен қатар, Әуезов және Бостандық аудандарындағы екі мектептің бұрын жекешелендірілген ғимараттарын сатып аламыз», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Оның айтуынша, биыл 82 балабақша (жалпы алғанда 10 мыңнан астам орын) ашу жоспарда.

«Біз өзіміз үшін 5 жылға дейін мектептер мен балабақшалардағы тапшылықты жою міндетін қойып отырмыз», - деді Алматы әкімі.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT