Алматы мектебіндегі сынған парталар: Әкімдік ата-аналар шағымына жауап берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық білім басқармасы жаңадан сатып алынған мектеп жиһазы мен сынып тақталарына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мектеп жиһазын жеткізу конкурсы 2 мамырда жарияланған және ол 5 лоттан тұратын: орта, кіші және ересек топқа арналған парталар (3 лот), сынып тақталары және көрнекі құралдарға арналған шкаф.

Конкурсты ҚР қаржы министрлігі өткізген. Алматының білім басқармасы тапсырыс беруші ретінде қатысқан.

«Бұл тауарлар мүгедектердің қоғамдық бірлестігінен сатып алынатын Үкімет бекіткен тізімге енеді. Осыған байланысты конкурсқа бүкіл Қазақстаннан мүгедектердің 43 бірлестігі қатысты. Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің қорытындысынан кейін 26 шілдеде конкурс нәтижесі жарияланған», - деп мәлім етті басқармадан.

Конкурс талаптарына сай келетін 3 жеткізуші таңдап алынған. Олар - «Қамқор күш» мүгедектер қоғамы (кіші және орта топқа арналған парталар) - 143,2 млн теңге; «Аяулы алақан» (ересек топқа арналған парталар мен көрнекі құрал қоятын шкафтар) - 97,4 млн теңге; «Батыр» (сынып тақталары) - 25,9 млн теңге. Жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы - 266,5 млн теңге.

1 тамыздан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР заңы күшіне енді. Оған сәйкес жиһаз өнеркәсібінің тауарлары алдын ала білікті іріктеу әдісі арқылы сатып алынады. Бірақ конкурс 2 мамырда жарияланып, ал заңдағы өзгерістер тек 1 шілдеде күшіне енгендіктен конкурсқа мүгедектер қоғамы ғана қатысты.

«Бүгінгі таңда аталған тауарлар қаланың 10 мектебіне жеткізіліп, 65 сынып жаңартылды. Орындық сапасына қатысты болмашы ғана кемшіліктер болды, оны жеткізушілер тез арада түзеді. Конкурс құжаттарын әзірлеу кезінде заңға сәйкес техникалық сипаттамасын жасау үшін эксперт-маман тартылған, ол – ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу кәсіпорындары қауымдастығының өкілі. Бүгінгі таңда мектеп директорлары мен жиһаз жеткізушілер арасындағы қабылдау-өткізу актісіне әлі қол қойылған жоқ. Ақысы да төленбеді. Мектеп директорларына тауарды қабылдау кезінде бақылауды күшейту тапсырылған», - деп қосып өтті ведомстводан.

Айта кетейік, Алматыда соңғы 3 жылда мектеп жиһаздары жаңармаған. Қалалық білім басқармасы сатып алынатын жиһаздың сапасына бақылауды күшейтетін болды. Мектеп мүлкінде қандай да бір кінәрат болса, басқарма мына телефонға хабарласуды өтінеді: +7 (727) 262-34-89.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде алматылық ата-аналар жаңа парталар мен орындықтардың сапасына шағымданған болатын.

Соңғы жаңалықтар