Алматы мәслихаты метро стансасының құрылысына қосымша 1 млрд теңге бөлетін болды
2018 жылғы 21 қараша 12:39

Алматы мәслихаты метро стансасының құрылысына қосымша 1 млрд теңге бөлетін болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы мәслихатының кезекті сессиясында қала бюджеті қайта қаралып, үнемделген қаражатты метро құрылысы мен жолаушылар тасымалы саласына бөлу туралы шешім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол және көлік инфрақұрылымын дамытуға 4,4 млрд теңге қосымша бөлінеді. Бұл қаржының 2,2 млрд теңгесі ішкі әлеуметтік маңызы бар автобус тасымалына жұмсалады. Сонымен қатар, «Достық» пен «Сарыарқа» метро стансаларының құрылысын аяқтауға жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге қосымша қарастырылады», - деді қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ілияс Өсеров.

Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтардың метрода жүруіне қосымша 521,7 млн теңге қарастырылады. Сонымен қатар, Үлкен Алматы айналма жолы құрылысы жалғасатын болады.

Сессияға қатысқан депутаттар бюджет нақтылауын бірауыздан қолдады.

Осылайша Алматы бюджеті 537,5 млрд теңге болмақ. Оның ішінде нақты бюджет - 434,6 млрд теңге.

Jańalyqtar

MURAǴAT