«Алматы марафоны» өтпейтін болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Алматы марафоны» дәстүрлі спорт шарасы өтпейтін болды. Бұл туралы ұйымдастырушылар мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спорттық жобаның директоры Салтанат Қазыбаева 13 наурыздан бастап Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынғанын еске салды.

«Осы себепті өңірдің жүгіру бойынша басты шарасы - «Алматы марафоны» өтпейтінін хабарлауға мәжбүрміз. Біздің бар байлығымыз – өміріміз бен денсаулығымыз екеніне келісесіздер деп ойлаймын. Және дәл қазіргі уақыт өзіңе және айналаңдағыларға қамқорлық көрсететін кез. Эпидемиялық, ал бүгін пандемия болып жарияланған жағдайдың өрбуін бақылап отырмыз. Кейбір халықаралық марафондар да (Токио, Рим, Сеул) өтпейтіндігі жариялануда. Жағдай тұрақтанып, бүкіл әлемнен келетін қатысушыларымызды мәреде қарсы аламыз деп үміттендік. Марафон үшін қажетті көптеген шаралар атқарылып қойған еді, волонтерлер іріктелді, жарысты қауіпсіз өткізуге көмектесетін медицина мамандарымен жұмыс істедік. Бірақ біз өзгерте алмайтын жағдайлар бар – ол форс-мажор. Сол себепті түсіністік және сабырлық танытуға шақырамыз», - деді Салтанат Қазыбаева.

Бұған дейін хабарланғандай, марафон өтпейтін жағдайда өзге елдер қатысушыларының жарналары «Алматы марафоны 2021»-ге ауыстырылады. Биылғы тоғызыншы марафон 19 сәуірде өтуі тиіс еді. Өткен жылғы маусымына 17 мыңға жуық адам қатысты.


Соңғы жаңалықтар