Алматы марафоны өте ме

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жыл сайын сәуірде өтетін «Алматы марафоны» спорттық шарасы биыл ұйымдастырыла ма? Бұл сауалға ұйымдастыру комитеті жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спорттық шараны ұйымдастырушылар дүние жүзінде жаңа вирустың таралуы туралы ақпаратты мұқият бақылауда ұстап отыр. Алайда басты жүгіру оқиғасына дайындық ойдағыдай жүріп жатыр.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәлімдемесі бойынша, бүгінде Қазақстанда коронавирус ауруы тіркелген жоқ, алайда, үкімет еліміздің аумағында ауру жұқтырған азаматтар анықталған жағдайға арналған іс-қимыл жоспарын әзірледі.

«Қазір іс-шараны өткізбейміз деп жоспарлап отырған жоқпыз. Жарысқа дайындық жалғасып жатыр. Қатысушылардың 95%-ға жуығы – Қазақстан азаматтары, соның ішінде елімізде жұмыс істейтін шетелдік мамандар. Пандемия туралы хабарландыру және жаппай іс-шараларды өткізбеу туралы жарлық шыққан жағдайда, біз жарысты өткізбеуге немесе кейінгі қалдыруға құқылы боламыз, ол жайында ресми дереккөздерімізде хабарлаймыз. Қатысушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі бұрынғыша біздің басты назарымызда. Жағдай жақында дұрысталады деп үміттенеміз және барлық науқастардың тез арада сауығып кетуін тілейміз. Азаматтардан түсіністікпен қарап, жалған ақпарат таратпауды сұраймыз», - деді «Алматы марафонының» директоры Салтанат Қазыбаева.

Коронавирустың кесірінен Қазақстан аумағына кіруге тыйым салынған елдердің қатысушыларының жарнасы «Алматы марафон» 2021 жарысына ауыстырылады.

Бұған дейін Токиода халықаралық марафон ресми түрде тоқтатылды. 1 наурызда марафон тек қана Elite санатындағы 200 кәсіпқой үшін өткізілді. Бірқатар басқа елдерде жаппай іс-шаралар тоқтатылды.

«Алматы марафоны» ұйымдастыру комитеті барлық қатысушылардан аурудың алдын алудың негізгі шараларын ұстануды – жеке гигиенаны сақтауды және кез келген вирустық жұқпалы ауруларды, оның ішінде тұмауды, ЖРВИ, ЖРЗ жұқтырған адамдармен қарым-қатынасты шектеуді, сондай-ақ коронавирустық жұқпалы ауруды жұқтыру жағдайлары анықталған елдерге саяхаттаудан аулақ болуды сұрайды.

«Алматы марафоны» 2020 жылдың 19 сәуірінде Алматыда өтеді деп жоспарланған.

Былтыр бұл шараға алыс жақын шетелден спортшылар келіп, 17000 адам қатысқан болатын.


Соңғы жаңалықтар