Алматы маңында шопан қару-жарақ жасырылған жерді тапты

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы маңында шопан қару-жарақ пен арнайы оқ-дәрілер жасырылған жерді тауып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алатау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері әскери оқ өткізбейтін кеудеше, каска, травматикалық тапанша мен ондаған патрон тапты.

«Біздің бөлімшеге У. есімді азамат хабарласып, «Дархан» ықшамауданындағы сайда мал бағып жүрген кезінде қару-жарақ арсеналын тауып алғанын айтты. Ақпарат расталды. Жедел тергеу тобы каска, оқ өткізбейтін кеудеше, Калашников автоматынан патронсалғыш, 7,62 мм калибрлі 20 патрон, «Беретта» травматикалық тапаншасы, резеңке таяқшалар, «Макаров» тапаншасынан 19 патрон және белгісіз травматикалық тапанша тапты» , – деді Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.

Оның айтуынша, табылған арсеналдың меншік құқығы мен қайдан алынғаны одан арғы тексеру барысында анықталады.

«Арсеналды жасырған тұлғалар анықталып, жауапқа тартылады»,- деді ол


Соңғы жаңалықтар