Алматы маңында қоқыс полигонындағы өрт толық сөндірілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы маңындағы қоқыс полигонындағы өрт бүгін кешкі сағат 18:10-да толық сөндірілді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитеті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоқыс полигонындағы бықсыған өрт бүгін 18:10-да толық сөндірілді. Өрт аумағы 1 гектар жерді қамтыды. Бықсу ошақтарын көму, су себу жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде үш күнде КА-32 және МИ-8 тікұшақтары 840 текше метр суды өртенген аумаққа септі. Арнайы техника 3 мың текше метр топырақ жеткізді. Тілсіз жауды ауыздықтауға Алматы облысы мен Алматы қаласы жергілікті атқарушы органдарынан, Алматы облысы мен қаласы ТЖД-дан, Алматы құтқару қызметінен, Ұлттық ұлан, «Қазселденқорғау» мекемесінен, «KAZ Waste Converrsion» ЖШС-нан 97 техника және 148 адам жұмылдырылды. Қазіргі таңда «KAZ Waste Converrsion» ЖШС инженерлік техникаларымен (бульдозер, грейдер) жер бетін тегістеу, топырақ құнарын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр» делінген хабарламада.

Полигонда 2 өрт сөндіруші техника мен 5 самосвал және бір бульдозер кезекшілікте болады.

Еске сала кетейік, 15 мамыр күні Алматы тұрғындары таңнан бері қала аспанын ыс пен түтін торлағанын айтып, шағымданған еді. Әлеуметтік желі қолданушыларының болжауынша, түтін Алматы облысындағы қоқыс полигонынан келген. Төтенше жағдайлар комитеті бұл ақпаратты растады.

«16 мамыр күні түнгі сағат 2:30-да өртке қарсы қызметке Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылынан 7 шақырым жердегі қоқыс полигоны жанып жатқаны туралы хабар түскен. Қатты тұрмыс қалдықтардан тұтанған өрттің аумағы бір гектарды қамтыды деген болжам бар. Құрбан болған немесе зардап шеккендер жоқ» - делінген комитеттің мәліметінде.

Десе де, Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті қоқыс полигонындағы өрт салдарынан шаһардың ауасы шектен тыс ластанғаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар