Алматы маңында қазақтың Қара майорына ескерткіш қойылды

None
None
РАЙЫМБЕК. ҚазАқпарат - Алматы облысының Райымбек кентінде Ауған соғысының ардагері Борис Керімбаевқа ескерткіш қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін - біз үшін ерекше күн. Қазақтың біртуар ұлы, елінің шынайы патриоты, Ауған соғысының атақты батыры, полковник Борис Төкенұлы Керімбаевқа ескерткіш орнаттық. Ескерткіш орнын көзі тірісінде өзі таңдап кеткен болатын. Бұл кентте оның бала күні өтті, әскер қатарына да осы жерден аттанды. 35 жыл отанға қызмет етті. Бізді табыстырған Ауған майданы оның өміріндегі ең бір қиын кезеңдер болған еді», - деді Борис Керімбаевтың майдандас досы Асылхан Өтеев.

Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің хабарлауынша, Қара майор есімімен байланысты құнды мұралар Армия үйінің әскери-тарихи музейіне беріліпті. Аталмыш көрме «Генерал Панфилов» жеке меншік қоры «Әскери барлау ардагерлерінің қоры» мен Алматы қаласы әкмідігінің жанындағы «Ауғанстан және жергілікті әскери шайқастардың ардагерлері мен мүгедектерінің үйлестіру кеңесінің» қолдауымен ұйымдастырылған.



Көпшілік алдында сөз сөйлеген Борис Керімбаевтың жұбайы Раиса Керімбаева екеуінің тату-тәтті өмір сүрген жылдарын еске алды. Ол жастарға өмірдің әр сәті қымбат екенін айтты. Ал Асылхан Өтеев полковник досының майдандас сарбаздар үшін басын бәйгеге тіккен кездері болғанын еске алды.



«Осының бәрін көре тұра оны «Әкей» деп атамауымыз мүмкін емес еді. Ол Ауған майданында біз үшін әке орнына әке, ана орнына ана болды. Әрқайсымыз үшін алаңдап, бәрімізді де оқ пен оттың ортасынан аман алып шықты. Осы ерлігі үшін ол біздің жүрегімізде мәңгі қалады», - деді ол.

Әйгілі Қара майор Борис Керімбаев биыл 12 ақпанда өмірден озған болатын.





Соңғы жаңалықтар